Өткен сенбі Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері үшін ерекше күн болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі аясында бой көтерген 3 қабатты 350 орынды жатақхана пайдалануға берілді. Енді онда филология факультетінде оқитын жастар қоныстанатын болады.

Салтанатты жиынды осы факультеттің деканы, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова арнаумен ашты. Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығының» президенті Асқар Ибраймов және аталмыш оқу орнының ректоры Оңалбай Аяшев қатысып, жаңадан пайдалануға берілген жатақхананың лентасын қиды.

– Шымкенттегі 11 жоғары оқу орны мен 37 колледжде 120 мың студент білім алады. 39 жатақханада 7600 студент тұрады. Қазіргі таңда бұдан бөлек
8 мыңнан астам жасқа жатақхана қажет екенін анықтап, тиісті шараларды жүзеге асырудамыз. Жалпы айтар болсақ, біз 2021 жылға дейін студенттерді жатақханамен 100 пайыз қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Ғабидолла Рахметоллаұлы.

Қала әкімдігі алдағы уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының инвестициясы есебінен 5 мың орынды жатақхана салмақ. Ол «Тұран» шағынауданынан бой көтеретін болады. Ал, қалған 3 мың орынды жатақхананы университеттердің өздері тұрғызбақ. Сонымен қатар, бұл іске жеке кәсіпкерлерді тарту да көзделуде. Бүгінде тиісті сала мамандары 200 және 350 орынды студенттер үйін ашу үшін «Қаржы орталығы» АҚ-мен келісімшарт түзіп, құрылыс жұмыстарын бастап та кетіпті.

– Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде студент жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Үкіметке
2022 жылға дейін кемінде 75 мың орынды жатақхана салу керектігін тапсырған болатын, – деді өз сөзінде министрлікке қарасты «Қаржы орталығының» президенті Асқар Ибраймов. – Міне, осы міндетті алғашқылардың бірі болып орындап отырған аталмыш оқу орны басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Айта кетейік, аталмыш студенттер үйінде жастарға қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Олардың сабаққа деген ынтасын арттырып, ізденісін дамытатын кітапхана, оқу залы
да бар.

Шарада студенттердің атынан филология факультетінің 3-курс студенті Айғаным Амангелді сөз алып, өзінің жүрекжарды ыстық лебізін
жеткізді.

ОҚМПУ-дың әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры Ақлима Байғұтова білім ордасының меншігінде бұдан басқа тағы 3 студенттер үйінің барын айтады. Бас ғимараттың жанында орналасқан 12 қабатты студенттер үйінде тек оқу үздіктері тұрады. Ал, Қайрат Рысқұлбеков көшесінің бойындағы №1 студенттер үйінде шетелден келген жастар, Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі №2 студенттер үйінде дене шынықтыру және спорт факультетінің студенттері орналасқан.

– Бұйыртса, осы жылдың шілде айында «Тұран» шағынауданындағы 200 орынды жатақхана ашылады. Бүгінде «Нұрсәт» шағынауданында 2000 студентке арналған студенттер үйінің де құрылысы қолға алынған. Бұл нысан 2020 жылы тапсырылады. Сонымен қатар, оқу орнында магистранттар мен докторанттардың саны да ұлғайып келеді. Оларға да арнайы жатақхана салу жоспарда бар, – дейді Ақлима Мархабатқызы.

Таланты толымды болғанымен, насихаты болымсыздау Қарақалпақстанда тұратын Рахмет Аяпбергенов деген қазақ ақыны бар. Сол Аяпбергеновтің бір өлеңінде «Жатақхана төбесінен жастық шақ қол бұлғайды» деген сыңар қатар кездесетін. Әдепкіде мән бермеген екенбіз, осынау жатақхананың ашылу рәсіміне барғанымызда ақын өлеңінің өміршең екендігіне көз жеткіздік. Расында, жатақхана жастық шақтың символындай елестейді екен...

Дилара БИМЕНОВА.