Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс 37-ші сессиясында 28 мәселе қаралды. Бұл туралы газетіміздің өткен санында егжей-тегжейлі жазылды. Солардың ішіндегі ең бір елеулі мәселе – «Түркістан облысының басқару схемасын бекіту туралы» мәселе еді. Нәтижеде облыста қолданыстағы 24 басқарма қайта құрылды. Таратып айтсақ, облыстық мәслихаттың шешімімен 3 басқарма, яғни Түркістан облыстық ішкі саясат, дін істері және отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармалар бірігіп, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы болып құрылды.
Түркістан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы – облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы, Түркістан облыстық қаржы басқармасы – облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы болып қайта құрылды. Бұдан өзге, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасы – кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен инвестиция және экспорт басқармасы болып екіге бөлінді. Осылайша 24 басқарма 23-ке қысқарды.
Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы –Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы – облыстық мәдениет басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы – облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы, Түркістан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы – облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы облыстық туризм басқармасы болып қайта құрылды. Қалған 13 басқарма өзгеріссіз қалды.
Жиында облыстағы әлі де шешімін таппай келе жатқан газ, жол мәселелері де сөз болды. Облыс әкімі алдағы уақытта осы проблемалар кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, оны өзі тікелей бақылауға алатынын жеткізді.
«Оңтүстік»-ақпарат.
Комментарии