Күнтізбеде сәуір айының алғашқы жексенбісі — «Дүниежүзілік денсаулық күні» деп белгіленген. Атаулы күнге орай Түркістан облысында қоғамдық денсаулық басқармасы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен ауқымды іс-шара өтті. Мереке аясында веломарафон ұйымдастырылып, денсаулық қалашығында дәрігерлер азаматтарды қабылдады. Түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, 6 сәуірде таңертең Отырар ауданынан (Арыстанбаб кесенесі жанынан) веломарафон бастау алып, Түркістандағы Есім хан алаңында аяқталды. Оған Түркістан қаласы мен Отырар ауданының белсенді азаматтары, басқарма қызметкерлері, спортшылар және жастардан құралған
120 адам қатысты. Марафонда жеңіске жетіп, жүлделі орындардан көрінген қатысушыларға ақшалай сертификат табыс етілді.
Спорттық іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау. Осындай мақсат қою арқылы әрбір адамның денсаулығын сақтау мен нығайтуға жәрдемдесу. Өйткені, денсаулықты сақтау мәселесі бүгінгі таңда өте өзекті. Сондықтан жалпы тұрғындарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету маңызды.
Ал, денсаулық қалашығында медициналық жолдамасыз-ақ тұрғындар дәрігерлерге қаралып, диагностикалық тексерулерден өтті. Тегін экспресс-сынамалар тапсыруға мүмкіндік алды. Жалпы алғанда, бұл күні дәрігерлер 650 азаматты қабылдап, 450 адам экспресс талдама тапсырды.
«Оңтүстік»-ақпарат.
Комментарии