Қазіргі таңда мемлекеттік басқару ісіне жаңа технологияларды енгізу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Тұңғыш Президентіміз өз Жолдауларында мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру қажеттілігін үнемі алға тартып келеді. Мұндағы меже – заманауи технологияның көмегімен қызмет сапасын жақсартып, жемқорлықтың тамырына балта шабу. Оны электрондық форматқа ауыстыру да тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқарып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі талап – мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыру. Осыған байланысты құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою мақсатында Құмкент ауыл әкімдігінде бірқатар шаралардың іске асырылғанын айта кеткен жөн. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсету саласын толықтай цифрландыруды тапсырған болатын. Қазір ауыл бойынша электронды қызмет көрсету үлесін арттыруда айтарлықтай нәтиже бар. Қағаз түрінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда электронды қолтаңба кілтінің мүмкіндіктеріне қарай мекенжай, соттылығының болуы не болмауы туралы, баланы балабақшаға кезекке қою, жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкі туралы анықтамаларды және тағы басқа қызметтерді алу үшін ауыл тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ үйінде немесе ауыл әкімдігіндегі «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» арқылы ала алады. Келешекте тұрғындарға барлық қызмет түрін үйден шықпай-ақ ала беретін жағдай жасау көзделіп отыр.
Бақдәулет ӘБІШОВ, Құмкент ауыл әкімінің кеңесшісі-іс басқарушысы. Созақ ауданы.
Комментарии