Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың бұйрығымен емханалық стационарлық медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын жақсарту мақсатында Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханасының базасында ситуациялық орталық ашылды. Аталмыш орталық Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының базасында жұмыс істейді. Бұл — аймақтың денсаулық сақтау жүйесін бақылау мен басқарудың тиімді құралы. Яғни әрбір аудан, тіпті әрбір медициналық мекеме бойынша шұғыл әрекет ету шараларын қолдану арқылы онлайн талдау жүргізіледі екен.

Екі кезеңде өткен семинар «ДАМУ» қорының Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысы бойынша аймақтық өкілдерінің қатысуымен өтті. Жиында жаңа жүйені үйренуге 18 медициналық ұйымның 40 қызметкері қатысты. Басқосуда облыстық рейтингтің онлайн талдау модулін қосу, Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) және стационар қызметтерінің дамуы туралы мониторинг жүргізілді.

Орталықта бес қызметкер жұмыс істейді. Олар өңіріміздегі әрбір медициналық мекемелер мен дәрігерлердің жұмысы туралы ақпаратты қадағалайды әрі өңдейді. Орталықтың қызметін Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, өңірдегі ситуациялық орталықтың үйлестірушісі, медицина ғылымының кандидаты Марат Пашимов басқарады. «Damu Med» орталығының ұйытқы болуымен барлық деңгейдегі денсаулық сақтау менеджерлері жедел, барабар және тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін жоғары технологиялық құралмен қамтылған. Олар нақты медициналық құрал-жабдықтарды қайта жаңғырту үрдісіне және жалпы аймақтың денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына онлайн мониторинг жүргізе алады. Сандық жүйеге толық қосылған ситуациялық орталықта деректердің алғашқы көзіне дейін дрил-даун пайдалана алады. Дабыл парақтары, KPI жүйесі, интерактивті карталар, дашбордтар және тіпті ана өлімінің алдын алудың виртуалды штабы – бұл қазір іске асырылған және белсенді қолданылатын кейбір мүмкіндіктер ғана. Медициналық сандық экожүйе құрылды. Бұл барлық қатысушыларды бірыңғай ақпараттық өріске біріктіруге мүмкіндік береді. Цифрлық платформа сервистері қабатының есебінен қолданыстағы табысты тәжірибелерді қолдануға мүмкіндік бар. Мысалы, зертханалық қызметтерді жеткізушілер, жедел жәрдем жүйелері, мобильді қосымшалар, медициналық құрылғылар біріктірілген. Барлық қажетті функциялар «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Медициналық көмек көрсету процесінде пайда болатын деректер қоймасында сақталып, өңделеді. Соның негізінде статистика және сараптамалық талдау қалыптасады.

Осылайша «Даму» қоры қазақстандық денсаулық сақтау саласында алғашқылардың бірі болып ақпараттық жүйелерді енгізуге белсенділік танытып отыр.

«Оңтүстік»-ақпарат.