Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Өңірдегі су тасқыны орын алуы мүмкін делінетін Сырдария өзені қатаң бақылауға алынған. Бүгінгі таңда өзен ағысы бірқалыпты. Жағалаудағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов баяндады.

 

Нұрғали Сырлыбайұлының айтуынша, көктемде болуы мүмкін су тасқынының алдын алу мақсатында 2 рет жиын өткізіліп, тиісті адамдарға нақты тапсырмалар берілген. Сондай-ақ, су қоймалары мен өзендердегі су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізілуде.

– Облыс бойынша су қоймаларының тасқын суларды қабылдауға мүмкіндігі жеткілікті. Жалпы, өзендердегі судың өтуі орта деңгейден төмен. Ал, таудағы қар мөлшері жылдағыдан төмен, аумақтың жазық жерлерінде қар жоқ. Көктемде орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға қарсы әрекет етуге күшіміз де, құрал-жабдықтарымыз да жетеді, – деді департамент басшысы.

Айта кетейік, облыс аумағында жалпы 40 су қоймасы бар болса, оның ең ірісі Шардара қаласында. Аталған су қоймасына бүгінде 99 пайыз су жиналған. Егер кенеттен төтенше оқиға орын ала қалса, орташа деңгейдегі су қоймалары қалдық суларды қабылдауға әзір.

P.S. Кеше синоптиктер Түркістан облысындағы таулардан бастау алатын өзендерде 3-5 сәуір күндері су деңгейі көтерілуі мүмкін екендігін ескертті.

Түркістан қаласы.