Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей мен Қытай тәрізді екі алпауыт көршінің ортасында отырған еліміздің қауіпсіздігі мен келешегі үшін атқарған қызметі ұшан-теңіз. Оның қабылдаған нақты шешімдерінің арқасында жұрт мамыражай тіршілік кешіп келеді. Зайырлы және демократиялық мемлекеттік құрылымның негізін қалаған Н.Назарбаевтың есімі тарихта қалатынына еш күмәнім жоқ.
Сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан бүгінгі күннің биігіне дейінгі кезеңде Елбасының басшылығымен қол жеткізген жетістіктер аз емес. Елбасы түрлі этностардың басын біріктіріп, ұлтаралық қатынасты жақсартуда көп еңбек сіңірді. Шығыс пен Батыс арасындағы мәселелерді оңтайлы шешуге атсалысуының нәтижесінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды. 2015 жылы Ресей мен Түркия арасындағы дағдарыс кезінде араағайындық танытты. Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұдан бөлек, елімізде білім саласын дамыту мақсатында «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асты.
Сарабдал саясатының арқасында әлемге танылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының біріккен отырысында елорданы Тұңғыш Президенттің атымен атауды ұсынғанда өз басым шексіз ризашылық сезімде болдым. Өз сөзінде ол мұндай ұсыныс ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Парламент өкілдері тарапынан түскенін атап өтті.
Ең бастысы, тұңғыш Елбасының кезінде астананы Алматыдан Целиноградқа көшіру жобасы тек саяси, геостратегиялық тұрғыдан ғана тиімді болып қалмай, әкімшілік орталық ретінде де еліміздің жан-жақты дамуына өз әсерін тигізді. Бұрынғы облыс орталығы болған Целиноград, Ақмоладай өңірлік қаланы Еуразиядағы маңдайалды озық мегаполис қатарына қосып, әлемдік ірі орталықтың біріне айналдырған Елбасының еңбегі ерен екендігін жұрт жақсы біледі. Сондықтан бұл ұсыныс қызу қолдау тауып, жүзеге асты. Ендігі
мақсат – Нұр-Сұлтан қаласының мәртебесін одан әрі асқақтату. Ал, бұл – біздің баршамызға ортақ міндет.
Айша ҚОЖАХМЕТОВА, «Сарын» қоғамдық қайырымдылық қорының төрайымы.
Комментарии