Зеленский әлде Порошенко

Украина 21 сәуірде өз таңдауын жасайды

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Былтыр 27 қарашада Украина Жоғарғы Радасының депутаттары ел Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы қаулы қабылдағаны мәлім. Сайлау 2019 жылдың 31 наурызына белгіленген болатын. Сол жолы дауыс беруге барлығы 298 халық қалаулысы қатысты. Енді міне, аталған күні Украинада президенттік сайлау да өтті.

 

Халықаралық сарапшылар Украинада сайлау әділ, демократияға сай өтті деп баға беруде. Украинаның ендігі президенті Владимир Зеленский болуы әбден мүмкін. Елдің Орталық сайлау комиссиясы 39 үміткер қатысқан сайлаудың алдын-ала қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, дауыс берушілердің 30,6 пайызы шоумен әрі кәсіпкер Владимир Зеленскийге дауыс берген. Екінші орында 17,8 пайыз дауыспен елдің қазіргі президенті Петр Порошенко болса, үшінші орында экс-премьер Юлия Тимошенко тұр. Оған электораттың 14,2 пайызы сенім артқан. Тимошенко осымен үшінші рет президенттік сайлауға қатысып отыр. Ал, 9,7 пайыз дауыс жинаған «Оппоблока» өкілі Юрий Бойко төртінші орында қалып қойды. Бірінші кезеңде ешбір үміткер 50 пайыз дауыс жинаған жоқ. Демек, 21 сәуір күні сайлаудың екінші кезеңі өтеді.

Экзит-полдың нәтижесі бойынша кешегі өткен сайлауда қазіргі президенттен оқ бойы озық келген Владимир Зеленский жөнінде не айтуға болады? Әрине, дәл қазір оған қандай да бір баға беру қиын. Барлық украиндыққа мемлекеттің территориялық тұтастығы сақталып, халықтың бейбіт тірлік кешкені керек. Дегенмен, саясаттан алыс, өнерде жүрген азаматтың президенттік сайлаудың алғашқы кезеңіндегі күтпеген жетістігі қаншалықты логикаға қонымды деген сауалға қазақстандық сарапшылар түрлі пікірлер айтуда. Бірі Зеленскийдің бүгінде тек актер ғана емес, мықты ұйымдастырушы, үлкен медиахолдингтің қожайыны екендігін алға тартады. «Ол Шығыс Украинада дүниеге келген. Қазіргі таңда ол жақта туыстары бар. Проблеманы біреулерден естіп отырған жоқ, көзбен көріп отыр. Саясатқа келген себебі де сол. Сондықтан Украина халқы Зеленскийді қолдап, оған сенім артуда» дейді. Тіпті, халық арасында Зеленский бай-манаптардың жобасы деген алыпқашпа сөздер де бар. Украинада жүздеген бай адамдар бары белгілі. Мұндай бәсекеде белгілі бір топтың Зеленскийді қолдайтыны айдан анық.

Владимир Зеленский негізінен комедиялық фильмдерде ойнаған актер, продюсер, режиссер. Ол 2015 жылы «Слуга народа» сериалында Украина президентінің рөлін ойнап, оны әділ, халықшыл басшы ретінде бейнелеген. «Шоуменге халық үлкен үміт артып отыр, себебі елдің саяси элитадан, дәстүрлі саясаткерлерден, олигархтардан көңілі қалды» дейді сарапшылар. Екі үміткердің де ойы Қырымды қайтарып, Еуроодаққа, НАТО-ға кіру, барынша Батыс елдерімен жақындасу. Десе де, 21 сәуірде өтетін президент сайлауының екінші кезеңінде Зеленский жеңіліп қалуы да бек мүмкін. Себебі, билік қазіргі президенттің уысында дейді саясаттанушы Расул Жұмалы. «Демократиялық сайлау болғанымен, Порошенконың артында мемлекеттің барлық ресурстары, әкімшілік аппарат, әкімдер тұр. Мұны да ұмытпаған жөн. Қазір 17 пайыз дауыс жинағанымен, толықтай Зеленский жеңеді деп айту ертерек» дейді ол.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 11 млн. адам мүлдем дауыс бермегенін хабарлады. Халықтың 63,52 пайызы ғана дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне келді.

«Президенттікке сайланып жатсаңыз, ең алдымен қолға алатын үш реформа қандай болады?» деген сауал қойылғанда, Украина президенттігіне үміткер Владимир Зеленский тосылмастан: «Ең алдымен депутаттар мен мемлекет басшысының және соттың дербес құқықтылығына қатысты заң жобасын қайта қарастыратын боламын. 28 жыл бойы біз импичмент туралы айтып келеміз. Алайда, іске асырған жоқпыз. Елдегі инвестициялық климатты жақсартып, жемқорлықпен жүйелі түрде күресуді жоспарлаймын» деп жауап берді. Ол ТСН телеарнасына берген сұхбатында Қырым жайында да айтып өтті. «Егер біз жеңетін болсақ, бұл Қырымды қайтарып алуға деген алғашқы қадам болмақ. Қырымды қайтару мүмкін нәрсе деп есептеймін. Бірақ, тек Ресейде билік ауысқаннан кейін ғана» деді.

Айта кететін жәйт, Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) ел бойынша 199 сайлау округін құрып, 29 888 сайлау учаскесін жабдықтаған. Шетелдерде 101 сайлау бекеті ашылды. Дегенмен, осы жолы Ресей аумағында дауыс беру қарастырылмаған, сондай-ақ ол жақтың бақылаушылары да сайлауға қатыстырылмады. ОСК шетелдік және халықаралық ұйымдардан келген 2 344 өкілді тіркеген. Сайлау күні қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 135 мыңнан астам құқық қорғаушы жұмыс істепті. Жалпы, Украина президентін таңдауға әлемнің 72 еліндегі украиндықтардың қатысуына мүмкіндік туды. Әйтсе де, әр мемлекеттегі мүмкіндік әртүрлі еді. Мысалы, Австралияда бір елде бір ғана сайлау учаскесі болса, АҚШ-та төрт сайлау бекеті белгіленді. Соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарда әскерилер үшін 79 арнайы сайлау учаскесі құрылды. Дауыс берудің толық нәтижесі 10 сәуірге дейін жариялануы тиіс. Екінші тур 21 сәуір күні өтетін болып белгіленгендіктен жаңа президенттің есімі 1 мамыр күні анықталатын болады. Жаңа мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі 31 мамырға дейін өтуі тиіс. Тағы бір айта кететін жайт, ел президентіне дауыс берген күні Украина ІІД сайлау барысында орын алған заң бұзушылықтар туралы 1,3 мың шағым түскенін хабарлады.

Қазіргі президент Петр Порошенко сайлауалды бағдарламаларында Украинаны ешбір мемлекетке тәуелді етпеймін деп уәде берген болатын. Бұл жөнінде сарапшылар «Порошенко өзінің президенттік этапында өз жұмысын атқарды. Әрі қарай жаңа көзқарас, жаңа идея керек. Елдегі дағдарыстар геосаясаттағы дағдарыстарға ұласпас үшін ортақ келісімге келу керек. Украинаның болашағы үшін міндетті түрде ортақ келісім қажет» деседі.

Осы жылдың тағы бір жаңалығы, Түркияда да жергілікті өзін-өзі басқару органдарының саяси додасы өз мәресіне жетті. Оған елдегі 57 миллионнан астам тұрғын қатысқан. Сайлауға 12 саяси партия, сондай-ақ тәуелсіз үміткерлер қатысты. Соңғы ақпарлар бойынша, Анкара, Измир, Адана мен Анталия секілді ірі қалаларда кезінде Ататүрік құрған Республикашыл халық партиясының үміткерлері жеңіске жетті. Ал, елдің ең ірі мегаполисі әрі стратегиялық орталықтарының бірі – Ыстамбұлда санақ жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Қазірше шаһардағы 98,8 пайыз сайлау жәшіктерінің нәтижелері белгілі болды. Жалпы, бейресми қорытынды бойынша, Әділет және даму партиясы

40 провинцияда жеңіске жетсе, Республикашыл халық партиясы – 20, ұлтшылдар қозғалысы партиясы – 12, жергілікті күрділердің Халықтар демократиялық партиясы 7 муниципалитетте жеңіске жетті. Айта кеткен жөн, бұл жолғы жергілікті сайлауда алғаш рет Түркия коммунистік партиясының үміткері жеңіске жетті. Енді ол 5 жыл бойы провинцияны басқаратын болды. Сондай-ақ, 25 жыл араға салып ел астанасы Анкара оппозициялық партияның басқаруына өтті.

Ал, Алжир халқы бесінші рет сайланбақ болған президентін тақтан тайдырды. Соңғы 3 айда оған наразы топ күш алып кеткендіктен, Абдель Азиз Бутефлика отставкаға кететінін мәлімдеген. Осыған дейін ол елді тыныштандыру үшін «осы жолы қайта сайлансам, тағы бір жыл жұмыс істеп, билікті бейбіт жолмен табыстаймын» деп уәде берген еді. Бірақ, халық оған сенбеді. Алжир президенті 5 жыл бұрын инсульт алған. Соңғы кездері халық алдына мүлдем шықпайды. Мүгедек арбасына таңылса да, 2014 жылғы сайлауда 4-ші мерзімге тағайындалған. Бірақ, ашынған халық оның 5-ші мәрте бақ сынауына жол бермеді. «Елге жөні түзу басшы бұйырмаған соң, халық амалсыздан Франция, Канада, АҚШ-қа қоныс аударды. Енді өкімет өзгеріп, жағдай түзелсе, елге қайтармыз деп үміттенемін» дейді Францияда тұратын Алжир азаматы Аиша Мад Джен.

Сонымен, Еуропа жұрты да, Африка жұрты да ертеңдері үшін елеңдеулі. Олардың үміті қаншалықты ақталады, оның шешімін тақсыр Уақыт айтады.