Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте Түркістан қаласының дамуы және өңірдегі салық түсімі туралы мәселелер талқыланды. Түркістан қаласын дамыту бойынша қала әкімі Әліпбек Өсербаев баяндама жасады. Ол облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар жүйелі атқарылып жатқанын мәлімдеді.
«Қала аумағында 10 гүлзар салу туралы жұмысты үйлестіру бағытында халық көп шоғырланған орталық көшелер бойынан көпшілік пайдаланатын қоғамдық орындардың санын арттыру үшін бірнеше алаңша ашу жоспарланып отыр. Осыған сәйкес негізгі көшелер бойынан жалпы аумағы 172,2 гектарды құрайтын қолайлы жер анықталды. Бүгінде сол аумақтардағы 148 түрлі бағыттағы нысанды мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізілуде» деді қала басшысы.
Қала әкімі шаһардағы ғимараттардың қоршаулары мен жол бойындағы темір шарбақтардың алып тасталатынын айтты. Сонымен қатар, жиында қала орталығындағы базарларды сыртқа шығару бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны сөз болды. Осы мақсатта қала сыртынан жалпы көлемі 25 гектар жер телімі анықталған. Базар түседі деген жердің инфрақұрылымын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралған.
Баяндамамен танысып шыққан өңір басшысы қаланы дамытуға бағытталған жұмыстарды уақтылы атқаруды және облыс орталығына лайық жаңадан салынуы тиіс бірқатар нысандарды атады.
«Облыс орталығында халық уақытын тиімді өткізетін орындар мен медициналық мекемелер көптеп ашылу керек. Осыған байланысты Түркістан қаласында 10 шағын футбол алаңы мен 10 теннис корты салынуы тиіс. Одан бөлек, мұнда ипподром мен мұз сарайы бой көтеруі қажет. Мәдениеттің ордасы ретінде бекзат өнер – опера театрын салуды да тапсырамын» деді облыс әкімі.
Ал, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бастығы Әлібек Тілегенов 2019 жылға салық салу базасын кеңейту жөнінде баяндама жасады. Оның сөзінше, бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі – бюджетке түсетін салықтар және міндетті төлемдер бойынша берешек сомаларды азайту. Бұл ретте, департамент басшысы берешегі бар борышкерлердің облыс және ауданаралық қайта тіркеуден өтуіне жол бермеу, жалған кәсіпкерлікпен күресу мақсатында мемлекеттік кірістер органдары, әділет органдары және азаматтарға арналған үкімет арасында меморандум ұйымдастырып, оның орындалуын қатаң бақылауға алу қажеттігін айтты.
Кірістер департаментінің жұмысымен танысқан облыс басшысы мамандарға жұмысты жүйелендіріп, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Комментарии