Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Сайрам ауданында болды. Ақсу өзені бойын абаттандыру жұмыстарымен танысқан соң өңір басшысы «Сайрам сүт» ЖШС-не барды. 50 адам жұмыс істейтін кәсіпорын тәулігіне 20 тонна сүт өнімдерін өндіреді. Өмірзақ Естайұлы аудан басшысына аталған кәсіпорынға субсидия алу бойынша жеңілдіктерді талапқа сай қарастыру қажеттігін тапсырды.

 

Сондай-ақ, облыс әкімі Сайрам ауданы, Манкент ауылындағы «Балым-ай» балабақшасының жұмысымен танысты. 2019 жылы іске қосылған балабақшада бүгінде 280 бала тәрбиеленуде. Онда 70 адам жұмыспен қамтылған.

Сайрам ауданы өңірде ет экспорттаудан көшбасшылар қатарында екені жұртқа мәлім. Аудандағы ет өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың бірі – Манкент ауылында орналасқан «Ет Агро Манкент» СТК. Кәсіпорын – мал бордақылау, ет өндіру, мал сою және ет сақтаумен айналысады. Жобаның қуаттылығы – тәулігіне 20 тонна. Өндіріс орнының жұмысымен танысқан өңір басшысы ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұрғанын атап өтіп, әлі де экспорт көлемін арттыра түсу керектігіне тоқталды.

Одан бөлек, өңір басшысы Сайрам ауданындағы «Bella Mebel» жиhаз өндіретін фабрика жұмысымен де танысты. Бүгінгі таңда фабрикада 120-ға жуық адам жұмыс істейді. Жалпы, фабриканың өнімдері тек Қазақстанға ғана емес, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінде де тәп-тәуір сұранысқа ие. Өткен жылы фабрика 496,4 млн. теңгенің өнімін өндірген, биыл оның көлемін бұдан да арттыру жоспарланып отыр. Өмірзақ Естайұлы кәсіпорын иесіне Түркістан қаласындағы индустриалды аймақтан жиhаз фабрикасын салуды ұсынды. Кәсіпкер аталған идеяны тез арада қолға алатынын жеткізді.

Жұмыс сапары соңында Ақсу ауылындағы «Асыл ЛТД» ЖШС-нің жетістіктерін көрген облыс басшысы кәсіпорын қызметкерлеріне тек ұн өндірумен айналыспай, бидай өнімін әртараптандыру керектігін айтты. Бүгінде тәулігіне 3000 тонна ұн шығаруға қабілетті кәсіпорын өнімін елімізбен қатар Өзбекстанға да экспорттап жатыр.