Шырша шамы жағылды

Шырша шамы жағылды

Кеше ауданымызда жаңа жыл мерекесінің шырайын келтіріп, айшықтай түсетін басты шырша шамы жағылды. Бұл мерекенің өткен жылға қарағанда ерекшелігі, орталықта емес, аудандық мәдениет үйінің алаңында ұйымдастырылуы. Бұл жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Жандарбек Далабаев шырша шамын жағып, жиналғандарды табалдырығымыздан аттағалы тұрған жаңа жылмен құттықтады. 2018 жылы аймағымызда атқарылған айтулы істерді тілге тиек етіп, келер жылда да аудан мерейінің арта түсуін тіледі.
– Мереке мен мейрам адам өмірінің сәні. Өткенге салауат айтып, ертеңге тілек айтатын ерекше уақыт. 2018 жыл тұтас ел үшін соның ішінде Қарасай ауданы үшін сыны мен сәні қатар жүрген жалпы алғанда жетістігі мол жыл болды. Осының бәрі аудан халқының ақ ниетпен жасаған еңбегінің нәтижесі. Қадірлі жерлестер, секемінен сенімі, күдігінен үміті көп тағы бір жаңа жыл жақындап қалды. Шырша шамы әр үйдегі жақсылық пен жеңістің отын лаулатып, табыс пен молшылықты маздатсын. Сіздерге ізгілік пен игілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт пен береке тілеймін! – деді Жандарбек Ермекұлы
Мұнан кейін мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ортаға жұптаса шыққан Аяз аталар мен Ақшақарлар шараның көркін одан әрі кіргізді. Сондай-ақ, кішкентай Сантаның киімін киген бүлдіршіндердің билері де, ертегі кейіпкерлерінің кейпіне енген өнерпаздардың сахналық көрінісі де көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қыстың суығына қарамастан, жиналған көпшілік әсем әуеннің ырғағына қосыла билеп, арнайы әзірленген шараны қызыға тамашалады. Жиынның соңы жаңа жылдың тағы бір басты символы саналатын мерекелік отшашумен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.