Ұмтылдағы волейбол турнирі

Ұмтылдағы волейбол турнирі

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай өткен аптада ауданымызда көптеген іс-шаралар қамтылды. Олардың ішінде спорттық бәсекелер де қалыс қалмай, түрлі жарыстар ұйымдастырылып жатты. Соның бірі ретінде Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылында болған волейбол турнирін айтуға болады. Аталмыш спорттық шара осы ауылмен аттас орта мектеп-гимназиясында өткізіліп, оған округке қарасты 8 мекеменің командалары қатысты. Саламатты өмір салтын насихаттаған спортшылар Ұмтыл ауылдық округі әкімнің кубогын сарапқа салып, өзара бақтарын сынады.
Турнирді Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ришат Құлыншақов өзі ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, округ басшысы құттықтау сөз алдында Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдаған соңғы Жолдауына қысқаша тоқталып, оның ішінде үкіметке және әкімдерге 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырғанын алға тартты. Сөз соңында жарысқа жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мұндай турнирлер ауыл спортының дамуына зор үлес қосатынын да жеткізді.
Жарыс қорытындысы бойынша мекеме қызметкерлерінің барлығы да жоғары деңгейлі ойын өрнегін көрсете білді. Алайда, ұпайлық көрсеткішпен алға шыққан волейболшыларды айтпасқа болмас. Олардың ішінде округ тұрғындарынан құралған команда І орынға ие болып, Ұмтыл ауылдық округі әкімнің кубогын жеңіп алды. Жүлделі ІІ орын осы ауылдың дәрігерлік амбулаториясына бұйырып, ал, әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының командасы ІІІ орынды қанағат тұтты. Турнир соңында жеңімпаздар мен ерекше көзге түскен қатысушыларға естелік сыйлықтар және алғыс хаттар табыс етілді.

Дидар МУХАМАДИЕВ.