«Ел ардақтысы» медалін алды

«Ел ардақтысы» медалін алды

Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Ұлан ауылының мектебінде «Дара жол» атты кездесу кеші өтті. Мектептің акт залында оқушылардың қатысуымен болған жиынға қонақ ретінде осы мектептің түлегі, ауданымыздың құрметті азаматы, «Айгүл» ЖШС-нің директоры Серікхан Әділханов шақырылды. Шараға Серікхан Сәметұлының ұстаздары, Жамбыл ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Толынбеков, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі ұйымының мүшесі Аят Мәлібекұлы және мектеп мұғалімдері қатысты. Басқосу барысында кәсіпкер өзі туралы қысқаша әңгімелеп, жетістікке жету жолдарымен бөлісті. Кәсіптің көзін тауып, кез-келген бастаманы сәтті жолға қоюдың тетіктерін айтып берді.
Алғаш болып сөз алған мектеп директоры Бану Аманова бүгінгі іс-шараның мақсаты оқушыларға болашақ мамандығын дұрыс таңдай білуге бағыт-бағдар беру, белгілі бір еңбек, кәсіби іс-әрекет саласына еніп, нақты көзқарас қалыптастыруына жағдай жасау екендігін атап айтты.
Кәсіпкердің ұстазы, сынып жетекшісі Шекер Омарқұлова оның мектеп кезіндегі қызықты сәттерінен сыр шертті. Ал, әпкесі Айнагүл Сәметқызы балалық шақтары мен ата-аналары жайлы қызықты әңгімелер айтып берді. Кездесу барысында қадірлі қонақ өз ойын ортаға салып, әлемде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға қатысты пікірлерін білдірумен қатар, өзінің кәсіби және өмірлік тәжірибесін ортаға салды.
Сонымен қатар, басқосу кезінде ұрпақтар сабақтастығын сақтау, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тұрғысынан алғандағы рухани-адамгершілік құндылықтар, білім, өмірлік философия, қазақ халқының салт-дәстүрлері, ерекшеліктері туралы да айтылды. Осы кештің басты кейіпкері өз мамандығының жауапкершілігі жөнінде айтып, жастарды отансүйгіштікке, бәсекеге қабілетті болуға, осы кезден бастап уақыттарын, бар мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану қажеттілігіне де тоқталып өтті.
Кездесу барысында кәсіпкердің өмірі, еңбек жолы мен жеткен жетістіктері туралы бейнероликтер көрсетілді. Мейман оқушылардың бірнеше сауалдарына жауап беріп, басынан өткен қызықты оқиғаларын да айтып берді.
Сонымен қатар, Серікхан Әділханның кеудесіне халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта отырып, еліміздің өркендеуіне сіңірген ерен еңбегі, ұлағатты өнегесі және көптеген қайырымдылық қолдаулар көрсеткені үшін «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі ұйымы атынан «Ел ардақтысы» медалі тағылды. Одан бөлек, жаны жомарт Серікхан Сәметұлына білім алған мектебінің құрмет грамотасы да табысталды.
Сондай-ақ, мазмұнды, әрі қызықты өткен кездесу соңында білімгерлер өз қолдарымен салған суреттерін сыйға тартып, естелік ретінде суретке түсті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

 

Последние новости

Жаңа идеялар мен соңғы зерттеулерге арналған
«Мен және менің полицейім» акциясы
Бірінші орынды иеленді
Золото, завоёванное в Анталии
«Асыл Армандағы» акция
Алтын ауыл мектебіндегі семинар
Бақ сынасқан баскетболшылар
Екінші орын алды