Ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл

Ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл

бір басынан табылатын қадірлі қария

Жақында Береке ауылындағы М. Бейсебаев атындағы орта мектепте осы білім ұясын ұзақ уақыттар бойы абыроймен басқарған, бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа – адам тәрбиесіне арнаған, еңбек ардагері, ел ағасы Калида Сәлімжанұлы Қосшығұловтың 80 жасқа толуына арналған тамаша тағылымды салтанатты кеш болып өтті.
Оның барысында алдымен ортаға мерейтой иесінің өзі шақырылып, ол кісіні жиналғандар үлкен құрметпен қуана қарсы алды.
Мұнан кейін хор «Мәсімхан Бейсебаевқа арнау» әнін (сөзін Қалида ағамыз жазған, осы мектепке ширек ғасырға жуық жемісті жетекшілік еткен ғой) орындады. Ал, Елтай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Абжан мен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сара Құзырқызы ардагер ұстазды осы келіп жеткен керемет мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Келесі кезекте ауданның Құрметті азаматының өнегелі өмірі, елеулі еңбек жолы туралы бейнебаян көрсетілді. Кеште сөз алғандардың барлығы да Калида Сәлімжанұлының шын мәнінде ұстаз бен шәкіртке шынайы жанашыр жан бола білгенін, нағыз шебер ұйымдастырушы болып, барлық жұмысты соңына дейін табысты орындай алатындығын, ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл да бір бойынан табылатынын айрықша атап өтті.
Оның Қаратөбе, Исаев, Жармұханбет ауылдарында жабылып қалған мектептерді қайта аштыруға үлес қосқаны да әдемі әңгіме арқауына айналды. Кадр дайындауға да көп көңіл бөлгені, мәселен, кезінде мектеп мұғалімдері болған Күлпан Төкенқызының Қаратөбе ауылының, Мақпал Садыққызының Жармұханбет ауылының, Жәмилә Білісбекқызының Көкөзек ауылының мектеп директорлары екені де, ал, осы жерде білім алған Гүлзира Бейсембайқызының қазір М. Бейсебаев атындағы орта мектептің директоры болып қызмет ететіні де тілге тиек етілді.
Кештің өне бойында оқушылар өлең оқыды, ән айтты. Сонымен қатар, округтегі әжелер ансамблінің мүшелері де жылы лебіздерін білдіріп, өнер көрсетті.
Соңынан Қалида Сәлімжанұлы сөйлеп, осындай есте қаларлықтай игілігі көп іс-шараны ұйымдастырғаны үшін мектеп әкімшілігіне, мұғалімдерге, оқушыларға ағылған ақ тілегін білдірді, аталық алғысын ақтарыла айтты.
Б. ЕЛЕУСІЗ.

 

Последние новости

Айдынды Исраил ақынмен кездесу
Жас палуандардың белдесуі
Ұмтылдағы волейбол турнирі
Ещё раз о менингите
Персоналды компьютерлердің денсаулыққа тигізетін әсері
«Айгөлек» покорил «Танцующий мир»
Ақ тілектің ақ шуағына шомылған
«Ел ардақтысы» медалін алды