Жас палуандардың белдесуі

Жас палуандардың белдесуі

Өткен аптаның жұмасында Шамалған ауылдық округінің орта мектебінде тағы бір палуандардың бәсекесі болды. Бұл жолы жарыс облыстық деңгейде ұйымдастырылып, оған 2003-2008 жылдар арасындағы жасөспірімдер қатысты. Турнир екі күнге созылып, 11 командадан 180 жас палуан өз бақтарын сынады. Олардың ішінде облысымызға қарасты Қарасай, Алакөл, Жамбыл, Іле, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Талғар, Райымбек аудандарының және Алматы, Қапшағай қалаларының жасөспірімдері болды. Одан бөлек, айтулы жарысқа қонақ ретінде Қызылорда облысынан да жас спортшылар келді.
Облыстық деңгейде өткізілген турнирдің ашылу салтанатында аудандық спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов құттықтау сөз сөйлеп, барлығына сәттілік тілей келе жарысты ашық деп жариялады. Сонымен қатар, Алматы қаласынан қонақ ретінде арнайы келген ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Әнуарбек Сұлтанов та өзінің палуандарға деген ізгі ниетін білдіріп, сайыстың жоғары деңгейде өтуін тіледі.
Екі күнге жалғасқан қазақ күресін серік еткендердің белдесуі жалпы айтқанда, тартысқа толы болды. Әр өңірдің намысын арқалаған жастар барынша бар айла-тәсілдерін пайдаланып, боз кілемде оза шабуға тырысты. Дегенмен де, бақ пен бап бірдей шаба бермейтін мұндай спорттық бәсекеде жеңілу де, жеңу де бар. Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесімен сынға түскен палуандар лайықты өз бағаларын алды. Барлық есептік көрсеткішпен біздің ауданның спортшылары жүлделі І орынды қанжығаларына байлады, ал, ІІ орын Жамбыл аудандық палуандарға бұйырса, Балқаш ауданының жасөспірімдері ІІІ орынды қанағат тұтты.
Жалпы, осындай айтулы доданың біздің ауданда өткізілуіне, әрі ұйымдастырылуына атсалысқан жандардың қолғабыстарын жазбасқа болмас. Олардың қатарында жарысқа қолдау көрсеткен Шамалған ауылының орта мектебінің директоры Маржанкүл Зейнеденова мен аудандық спорт бөлімі бар. Одан бөлек, қарасайлық палуандарды баптаған ауданның қазақ күресінен аға жаттықтырушы Қайрат Қуандықовтың да еңбегі орасан зор.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.