Коворкингпен жаңғырған кітапхана

Коворкингпен жаңғырған кітапхана

Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде еуропалық тәжірибеге сүйене отырып, кітапхананың қызметтік деңгейін арттыру мақсатында «коворкинг» орталықтары ашылуда. Заманауи талапта жабдықталған сондай оқырман орындарының бірі өткен аптада біздің ауданда да ашылды. Жақында ғана күрделі жөндеуден өткен аудандық орталық кітапханада орналасқан «коворкинг» орталығы, әсіресе, жастар қауымына пайдалы орынға айналмақ.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мен «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімде аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров қызыл лентаны қиып, ыстық ықыластарын білдірді. Құрметті қонақтар қатарында партия мүшелері, мұғалімдер және БАҚ өкілдері болды.
Белсенді жастардың білім ордасына айналатын – «коворкинг» орталығында емін-еркін жұмыс істеуге барлық жағдай қарастырылған. Онда заманауи талапта жабдықталған кез келген компьютерлік орынға келіп, ғаламтор желісі арқылы өзіңізге қажетті ақпаратты алуыңызға да болады. Тіпті, мектеп оқушыларына IT саласы бойынша қосымша білім ретінде робототехника бағытындағы сабақтар да өткізіліп тұрады. Ал, орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтееваның айтуынша, кітапханаға келушілердің осы орталықта бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. «Кітапханадағы бұл арнайы бөлмеде ноутбук, компьютер,теледидар сияқтылар тегін интернет желісіне қосылған. Келушілер кез-келгенін пайдаланып, электронды оқулықтарды оқып, ой-өрісті дамытатын шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарын да ойнауға болады», – дейді орталық кітапхана директоры.
Сондай-ақ, осындай мереке қарсаңында өскелең ұрпақ ел ағалары сияқты халыққа қызмет атқарсын деген ниетпен 5 сынып оқушыларының «Жасұлан» ұйымына қабылдау рәсімі де болды. Жас өрендер келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашты. Елбасымыз айтқандай, жас буынның ой кемелі, білім кеңістігінің дамуы осындай ақпаратты, жаңа заман ағымымен ұштасу керек. Оның айғағы болатын осы «коворкинг» орталығы – оқырман білімін жаңғыртатын, рухани азықтан алыстатпай, кітап әлеміне бастар таптырмас жол деп білеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.

 

Последние новости

Егемен еліміздің ең басты мерекесі
«Ең белсенді әкім» атанды
Мұздағы қауіпсіздік және өзін-өзі құтқару ережелері
Ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл
Айдынды Исраил ақынмен кездесу
Жас палуандардың белдесуі
Ұмтылдағы волейбол турнирі
Ещё раз о менингите