Егемен еліміздің ең басты мерекесі

Егемен еліміздің ең басты мерекесі

Өткен аптаның жұмасында тұғыры биік Тәуелсіздікке 27 жыл толуына байланысты аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, жиналған қалың көпшілікті егемен еліміздің елеулі мейрамымен құттықтады.

Алдымен кеш шымылдығы азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың кезінен зайырлы мемлекет атанғанға дейінгі кезеңдерді бейнелеген әсерлі сахналық көрініспен ашылды. Мұнан кейін, мінбеге көтерілген Жандарбек Ермекұлы:
– Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты шаңырағы. Қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан – ел тәуелсіздігі! Біздің басымызға қонған тәуелсіздіктен асқан ешқандай құндылық жоқ, – деп егемен ел болудың қандай бақыт екенін, оны өзге ештеңеге теңеу мүмкін еместігін ерекше атап айтты. Сонымен қатар, 270 мың халқы бар Қарасай ауданы Тәуелсіздік мерекесін толайым табыстармен қарсы алуда екенін де тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылдың 10 айында бюджет қоры болжамы бойынша 114 пайызы орындалып, салық және басқа төлемдерден аудан бюджетінен 37,7 млрд. теңге қаржы түскен. Өнеркәсіп өнімдері 31,8 млрд. теңгеге артық орындалып, 169987 шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. Мұның барлығы аудан халқының экономикамызды өркендету жолында аянбай еңбек етіп жүрген табанды еңбектерінің шынайы жемісі. Мұны ескерген ауданның бірінші басшысы өз атынан ауданның бірқатар белсенділерін Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Сонымен қатар, мерекелік шара барысында республика көлемінде еңбегі еленгендер де назардан тыс қалмады. Тәуелсіздік күніне орай Жаңашамалған ауылдық округінің әкімі Ғалия Амановаға «Астанаға-20 жыл» мерекелік медалі, аудандық «Заман жаршысы» газетінің бас редакторы Атлана Исаеваға Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, аудандық «Заман жаршысы» газетінің тілшісі Ерлан Әлиасқаровқа Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Құрмет грамотасы және басқа да марапаттар тапсырылды.
Шара әрі қарай аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Бейбіт күнде елдік пен ерлік жайлы өнерпаздардың әуелете шырқаған әндері, көпшіліктің бойына ерекше рух сыйлағандай болды. Түйіндеп айтқанда, өткенімізге көз салып, бүгінімізге шүкіршілік етуді еске салатын тәу етер Тәуелсіздік мейрамы расында ұлтымыз үшін ұлық мереке!
Бұрым ОРЫНБАСАР.