Даярлық жұмыстары басталды

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

2019 жылғы 10 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысына саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері бейнеконференцбайланыс түрінде қатысты. Отырыста 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың жоспарын бекіту туралы, сонымен қатар сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы мәселелер қаралды.

 

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев қазіргі таңда сайлауалды даярлық жұмыстарын бастап кеткендерін айтты.

– Ең алдымен сайлау жөніндегі бекітілген іс-шаралардың күнтізбелік жоспарының негізінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құрамы туралы хабарлама облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жариялануға ұсынылды. Дауыс беру күні белгіленгеннен кейінгі 15 күн ішінде облыстың 16 аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссиясының құрамы, сонымен қатар сайлау учаскелерінің шекарасы жергілікті баспасөзде міндетті түрде жарық көруі тиіс. Сайлауға қатысты іс-шаралар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Президент лауазымына кандидаттарды ұсыну 10 сәуірден басталып, 28 сәуірде сағат 18.00-де аяқталады.

Президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестікке тиесілі. Орталық сайлау комиссиясы бес күн ішінде үміткердің Қазақстан заңнамасында көрсетілген талаптарға сәйкестігін анықтайды. Бұл шара республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірмесі, кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшi және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжаты ұсынылған кезден бастап жүзеге асырылады, – деді Әлібек Кәденұлы.

Талаптар негізінде кандидат жасы қырыққа толған, тумысынан Қазақстан азаматы, соңғы 15 жылда ҚР аумағында тұратын, мемлекеттік қызметте 5 жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар, жоғары білімді, белсенді сайлау құқығы бар, мемлекеттік тілді еркін меңгерген жан болуы ескеріледі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Орталық сайлау комиссиясының 12 сәуірде өткен отырысында ҚР ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина «ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін ұйымдастыру туралы» қаулы жобасын таныстырды. ОСК мүшесінің айтуынша, сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары ережелерін негізге ала отырып, аккредиттеу мерзімі белгіленді. Осыған байланысты қаулы жобасы мен аккредиттеуді өткізу дауыс беру күніне 5 күн қалғанда, яғни 2019 жылғы 3 маусымда жергілікті уақыт бойынша 18.00-де аяқталады деп белгіленеді. «Шетелдік байқаушыларды аккредиттеу еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша жүзеге асырылады» деді З.Баймолдина. Осылайша шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері СІМ берген аккредиттеу туралы куәлігі болған жағдайда сайлауды бақылауды жүзеге асыра алады. З.Баймолдинаның айтуынша, кезектен тыс президенттік сайлауға ЕҚЫҰ, ДИАҚБ, Парламенттік ассамблеясы, Еуропалық кеңес, ТМД Парламентаралық ассамблеясы, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТүркПА миссияларынан байқаушылар келеді деп күтілуде. «Өз миссиясын ұйымдастыратын барлық халықаралық ұйымдарға шақыру жіберіледі. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан қанша байқаушы болатындығын дәл қазір нақты айта алмаймыз. Өткен сайлаулардағы мәліметтерге сүйеніп, шамалап айтуға болады.

2015 жылғы президенттік сайлауға 1024 байқаушы келді. Бұл жолы 1 мыңнан астам, ары кеткенде 1600-1700 байқаушы болады деп отырмыз. Өздеріңіз де білесіздер, бұл жолғы ахуал стандарттан тыс, сайлауға қызығушылық әлдеқайда жоғары болуы мүмкін» деді Зәуреш Баймолдина.