Жастар жылы: студенттерге қандай жеңiлдiктер бар?

 

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру жиынында студенттерге әлеуметтік пакет ұсынылатынын мәлімдеді. Соның нәтижесінде елордадағы жастар жолда тегін жүріп, тегін тамақтанып және жатақханаға тегін орналаспақ. Биыл Жастар жылында мұның үлкен жаңалық болғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Ал, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жастарға осындай жағдай жасау мүмкіндігі бар ма?

 

Мамандық алудың жолында жүрген бүгінгі студент-жастардың шығыны шынында да шаш-етектен. Бір ғана жолкіренің өзін алып қарайықшы. Түркістанда студенттер қоғамдық көлікке мінгенде өзгелермен бірдей жолақы төлейді. Ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Рас, облыс орталығында оқу ғимараттары бір-бірінен айтарлықтай алшақ емес. Оның үстіне еліміз бойынша салыстырмалы түрде алғанда ең төмен жолкіре (50 теңге) осы қалада екені де рас. Әйткенмен, күнделікті қажеттіліктері үшін жастардың көбі орталықта орналасқан базарға жиі барады. Ал, бұл қосымша жолкірені қажет етеді.

Шымкентте де жағдай осының төңірегінде. Жоғары оқу орындарының бірінде оқитын Гүлназ университетке жету үшін күніне екі, үш автобус ауыстырып мінуге тура келетінін айтады. Қалада студенттерге «студенттік билетін» көрсеткен жағдайда жолақысы 70 теңгеден 50 теңгеге төмендетіледі. Яғни Гүлназ сияқты студенттер үшін күнде білім ошағына жетуге 150 теңге қажет болады. Кітапханаға барып-келсе тағы 100 теңгесін жұмсайды. Ал, қаланың екінші бір шетіндегі оқу ғимаратында өтетін сабаққа немесе іс-тәжірибесіне қатысса тағы 50 теңге керек. Оған қайтар жолдағы шығынды қосыңыз...

Осылайша күнделікті жол шығыны 350 теңгеге жетеді. Бұған түскі асқа және ксерокөшірмеге кететін қаражатты қосыңыз. Барлығын есептей келгенде бір студент күніне кем дегенде 1500 теңге жұмсайды деуге болады. Ал, бір айда бұл көрсеткіш орта есеппен 45 000 теңгені құрайды.

Айтайын дегеніміз, егер де жастарға ең болмағанда жолақыны тегін ететін болсақ, біз бұл сомадан 10 мың теңге үнемдейді екенбіз. Мұның өзі оларға көп көмек болар еді. «Жоқ. Бұған да мүмкіндік жоқ» деген күннің өзінде оларға сабақ уақытында тегін жүруге жағдай жасасақ... Соның өзі елдің болашағына қосқан үлесіміз болып шықпай ма?!

Жалпы, студент-жастарға жеңілдетілген жолкіре қарастыру тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан бар. Литва, Чехия, Канада, Германия секілді мемлекеттерде студенттерге жолкіреден бөлек мейрамханаларда, кафелерде тамақтанғанда, дүкеннен кітап, киім сатып алғанда жеңілдіктер қарастырылады. Тіпті, сұлулық салонында, тренажерлік залдарда қызмет түрлері төмендетілген тарифпен көрсетіледі. Кейбір елдерде 25 жасқа дейінгілер қоғамдық көліктерде тегін жүреді екен.

Иә, бізге де бір ойланып қою артықтық етпейтін сияқты.

 

Последние новости

Елбасының сыныптастарымен кездестi
Келестегi келелi iстер
Тиiмдi перинаталды технологиялар әр шаңырақты бала күлкiсiнiң сыңғырына бөлейдi
Қазақстан-Түркия: дәрiгерлер тәжiрибе алмасады
Гороскоп на 13 апреля
БОЛАШАҚ МАМАНДАРҒА СЕРТИФИКАТ БЕРІЛДІ
12.04.2019
Цитата дня
12.04.2019
Интересные факты