Келестегi келелi iстер

Назгүл Назарбекова, «Ońtústik Qazaqstan».

Келес ауданының Сарыағаш ауданынан бөлініп шыққаны баршамызға белгілі. Бүгінде аудан барлық сала бойынша сол енді енші алып шыққан жас отбасыларды көз алдыңызға елестетеді. Кадрлар жасақталып біткенімен, ғимараттар реттеліп біткен жоқ.

 

Біз таяу күндері пайдалануға берілетін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығына аялдадық. Заманауи үлгімен жасақталып жатқан 3 қабатты ғимаратта аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, «Атамекен» ҰҚП-ның аудандық филиалы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалы мен ауыл шаруашылығын қолдау қоры және «Ырыс» шағын несие ұйымының өкілдері отырмақ.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы Айнұр Мұталиева мұнда кәсіпкерлікке ден қойған барлық азаматқа жан-жақты қызмет көрсетілетінін айтады. Мұндағы мамандар келушілерді түрлі сала бойынша оқытып, жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі. Рұқсатнама, құжаттандыру жұмыстарын сүйемелдейді. Бүгінде инновациялық жобалар бойынша өтініш білдіріп жатқандар да көп екен. Бұл туралы Келес ауданына ұйымдастырылған баспасөз туры кезінде белгілі болды. Жаңадан құрылып жатқан ұжым ауданда атқарылатын жұмыстарға арнайы іс-жоспар түзіпті. Орталық басшысы бірінші кезекте ауыл-ауылдарға шығып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Дәл қазіргі таңда олар «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене кірісіп жатыр.

Келес ауданының Үшағаш ауылындағы «Байбол-ата» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Жүзбаев меншігіндегі 70 гектар жерді демалыс аймағына айналдыруды жоспарлап отыр екен. Дайындықты 2 жыл бұрын бастап жіберіпті. Бүгінде егістік жерінің 20 гектарына қолдан 7 көл жасаған.

12 гектарында бау-бақша болса, қалғаны тоғай күйінде сақталмақ. Кәсіпкер Ресейдің Самара қаласынан 4 мың үйрек, қаз алып келген. Қазір инкубациялық жолмен оларды көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Олар көбейген соң тоғайға жіберіледі. Сонымен қатар, 2000 жабайы қоян әкелінген. Осылайша келешекте бұл аймақ аң-құс атуға қызығатындардың демалыс орнына айналмақ.

– 20 гектар жерді алып жатқан көл 7 бөліктен (қауыздан) тұрады. Мұнда Венгриядан әкелінген 160 мың балық жіберілді. Оның 50 мыңы сазан, 50 мыңы карп және 40 мың амур ақмарқасы мен 20 мың дөңмаңдай бар. Келешекте сұраныс артып жатса, 5 миллионға дейін майда балық шабақтарын шығаратын цех іске қосылады, – дейді шаруа қожалығының директоры Нұрлан Жүзбаев.

Шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді. Қожалық ауқымы кеңейгенде жұмысшылардың саны бұдан да көбейеді. Осы уақытқа дейін кеткен шығынның көлемі 150 миллион теңгені құрайды. Мемлекеттің балық шаруашылығын қолға алғандарға беретін субсидиясы шаруашылықтың жұмысын одан әрі дамытып, демалушыларға толық жағдай жасауға мүмкіндік береді.