Тиiмдi перинаталды технологиялар әр шаңырақты бала күлкiсiнiң сыңғырына бөлейдi

 

Серікқали Жексенбаев, «Ońtústik Qazaqstan».

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 100-ге жуық гинеколог дәрігер алғаш рет Шардара ауданында бас қосты. Аталмыш басқарманың баспасөз қызметі хабарлағанындай, «Тиімді перинаталды технологиялар» атты тақырыпта ұйымдастырылған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мамандар өздерінің бай тәжірибелерін ортаға салды.

 

– Бұл жиынның нәтижесі барлығымыз үшін тиімді болары сөзсіз. Жоғары деңгейлі медицина ұйымдары мамандарының шалғайдағы Шардара ауданында бас қосып, білімін жетілдіруі осыған дейін өңірімізде

бұрын-соңды болмаған жәйт. Айта кету керек, Шардара ауданында соңғы 4 жылда бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ. Бұл, ең алдымен, дәрігерлердің үлкен жетістігі, – деді Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Жалпы, «Алтын құрсақты аймақ» саналатын Түркістан облысында жылына 50 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бұл – еліміздегі жалпы көрсеткіштің бестен бір бөлігі. Тәуелсіз мемлекетіміздің демографиясына елеулі үлес қосып келе жатқан өңірде осындай ауқымды жиынның өтуі заңдылық. Сонымен қатар, Шардара аудандық орталық ауруханасы медицина қызметкерлерінің біліктілігі және аталмыш емдеу мекемесінің техникалық жабдықтау жағынан алдыңғы қатарда екені осы аймақта басқосудың тағы бір себебіне айналды. Шетелдіктер, атап айтқанда, Литва мемлекетінің мамандары жұмысы қауырт Түркістан облысын орынды үлгі етеді, – деп атап өтті елордалық дәрігерлер.

– Біз еліміздің білікті мамандарының басын осында қостық. Мұндай жиындар елеулі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Туу көрсеткіші бойынша республикада алда келе жатқан Түркістан облысында бар салмақ дәрігерлерге түсетіні айдан анық. Осыған орай оңтүстік медицина қызметкерлерінің қажырлы қарым-қабілеті, кәсіби біліктілігі және еңбекқорлығын айрықша атап өткім келеді, – деді Алматы қаласындағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мирзахметова.

Шардара аудандық орталық ауруханасы, перзентхана бөлімі «Қазақстан Республикасында акушерлік-гинекологиялық көмекті көрсету стандарты» бойынша І деңгейлік перинаталды көмек көрсететін ұйым болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары мен ҚР ДСМ диагностика және емдеу протоколдарына сәйкес жүкті, босанатын және босанған әйелдерге жүйелі көмекті ұйымдастыру жұмыстарын жетік меңгерген. «Қауіпсіз жүктілік», «Тиімді перинаталды технологиялар» бойынша босануды жүргізу, жаңа стандарттарға сәйкес 3Н жүйесіне сәйкес аса ауыр жағдайлардағы көмек көрсету дер кезінде жүзеге асырылып келеді.

Босану бөлмелерінде, жүкті әйелге керекті жағдайлар толық жасалынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша босануды тігінен жүргізу мақсатында, жүкті әйелдерге қауіпсіз және ыңғайлы болуы үшін ескіні заманауи талаптарға сай жаңарту мақсатында «арқанға асылып босану» тәжірибесі соңғы кезде қайта қолға алынуда. Мәселен, 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы босану саны 991-ден 1063-ке артқан.

Болашақта Шардара аудандық орталық ауруханасы перзентхана бөлімінің жұмысын жаңа ІІ деңгейге көтеріп, жүкті әйелдерге аудан көлемінде босануға заманауи жағдайлар жасалынатын болады.

 

Последние новости

Қазақстан-Түркия: дәрiгерлер тәжiрибе алмасады
Гороскоп на 13 апреля
БОЛАШАҚ МАМАНДАРҒА СЕРТИФИКАТ БЕРІЛДІ
12.04.2019
Цитата дня
12.04.2019
Интересные факты
Гороскоп на 12 апреля
Түркiстан облысының Құрмет грамотасымен наградтау туралы
Шегiртке былтырғыдан 3 есе азайды