Алғашқы өнiм Ресейге жол тартты

Мақтааралдық шаруалар сәуірдің ортасына жетпей қырыққабаттың алғашқы өнімін Ресейдің Қазан қаласына жөнелтті.

Биыл мақтааралдық диқандар қырыққабат егуді қаңтардың қақ ортасында бастап жіберген болатын. Соның нәтижесінде ерте егілген көкөніс 342 гектарға, оның ішінде қырыққабат дақылы 281 гектарға жетті. Сондай-ақ,

22 гектарға қызылша, 20,5 гектарға болгар бұрышы, 17,5 гектарға қызанақ, 1 гектарға қияр, 32 гектарға картоп егілді.

Мақтаарал ауылындағы «Шишкин» шаруа қожалығы биыл 3 гектар жерге қырыққабат, 1 гектар жерге болгар бұрышын және 1 гектар жерге баклажан еккен.

Көкөністерді өсіруде тамшылатып суару технологиясын пайдаланыпты және соның арқасында өнімдер ерте пісіп-жетілді.

Мақтаарал ауылының әкімі Алим Ибраевтың айтуынша, ерте егілетін көкөністі жинау науқанына қазірдің өзінде бірнеше бригада қатысуда. Мұндағы 1 бригадада 40-50 шақты жұмысшы бар және күніне әрқайсысы 2000-3000 теңге аралығында еңбекақы алуда.

Айта кетейік, дәл осы «Шишкин» шаруа қожалығы өсірген қырыққабаттың «Пекин» сортынан алынған 70 тонна өнім Ресейдің Қазан қаласына жөнелтілді.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.