«Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмi таныстырылды

Әбдірахман Қыдырбек, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапханасында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына екі жыл толуына орай «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті.

 

Жиында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков атқарылған жұмыстарға тоқталып, өңіріміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт руханиятына оң серпін беретін іс-шаралар бойынша көшбасшылар қатарында екенін назардан тыс қалдырмады.

Фильмді Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен «Оңтүстікфильм» КММ-і мен «САҚ» киностудиясы түсірген. Онда әлемге әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің балалық шағы, білімге деген алғашқы қадамы, жаңашылдыққа деген ұмтылысы сипатталады. Білімін ел игілігіне жұмсаған ғұламаның өз еліне деген сүйіспеншілігі, Отанға қызмет етудегі қайраткерлігі суреттелген. Туындының режиссері – Нүриддин Паттеев болса, сценарийін Бақытжан Құлжабай жазған. Анимациялық фильмді түсірудегі мақсат – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, адал әрі білімді болуға шақыру, ұлы тұлғаларға, тарихқа деген құрметті ояту.

«САҚ» киностудиясы өткен жылы облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін, «Ордабасы – бірліктің туы» фильмдерін жұртшылыққа ұсынған-ды. Жуырда «Түркістан» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикая да көрерменге жол тартпақ.