Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».
Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен орталық коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру: Түркістан туризмі» тақырыбында семинар өтті. Басқосуға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жанындағы Ясауитану орталығының директоры, профессор Досай Кенжетай, тарихшы Марат Тұяқбаев, халықаралық жоба менеджері Зарина Биюмбаева, өлкетанушылар Ерлан Сыздық, Ғани Назарбек, Түркістан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков және басқалар қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Профессор Д.Кенжетай «Дін мен мәдениет қатынасының болмыстық мәні» деген тақырыпта ой қозғады. Ғалымның айтуынша, білім беру жүйесіндегі оқулықтар мен оқу құралдарында және гуманитарлық-әлеуметтік ғылымда дін мен мәдениетке қатысты зерттеулер, монографиялар мен сараптамалардың барлығы кешегі позитивті, атеистік ұстанымдар негізінде тұжырымдалған. Демек, егемен елдің азаматы дін мен мәдениеттің не екендігін, олардың өзара байланыстарының танымдық, құндылық қабаттарын қалай ұштастыру керектігін біле бермейді. Яғни жас егемен елдің болашағына баянды тұғыр мен дұрыс пайым, түйсік берер жаңа теориялық, болмыстық ойлау кешені қажет.
Өлкетанушылар Е.Сыздық тарихи мәнге ие Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, туристік нысанға айналдыру, жол бойындағы көне қалаларды ашық аспан аясындағы мұражайға айналдыру жайын сөз етсе, Ғ.Назарбек халықтың экологиялық мәдениеті мен сауаттылығын көтеру өзекті мәселе екеніне тоқталды. Ж.Төлебеков өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және туризм саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, туристердің саны жылдан жылға артып отырғанын айтты. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қызметкері Н.Несіпбаев пен облыстық білім басқармасының қызметкері М.Сейтінбеков бүгінгі семинардың Түркістанды түлету жолында берері мол басқосу болғанын, алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.
Жоба аясында өңірдегі бірқатар қасиетті жерлерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру мақсатында 104 киелі орынның тізімі жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту және туризмді дамыту мақсатында аудан, қалаларда 12 түрлі халықаралық, республикалық және облыстық іс-шара жүзеге асырылды. Олардың қатарында «Наурыз Қазығұрттан басталады», «Қымызмұрындық», «Сафари Шардара», «Қауын-фест», «Сарыағаш OPEN», «Қасқасу», «Ақсу-Жабағылы – алауым, Шұбайқызыл – жалауым» және «Салбурын» фестивальдері бар.
Табиғаты таңғажайып, тарихи орындарға бай Түркістан облысы — елімізде туристер көп келетін аймақ. Өткен жылы Түркістан қаласының өзіне 1 миллионнан аса турист табан тіресе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 миллионға жетеді деген болжам жасалуда.
Түркістан қаласы.
Комментарии