Облыс аумағындағы білім беру ұйымдары мен мекемелерінде әлеуметтік еңбек қатынастары әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты келісім арқылы реттелетіні белгілі. Сондықтан да үш тараптың атынан әзірленіп, бекітілетін бұл келісім құқықтық акт болып табылады. Биыл, яғни 2019 жылы әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісімдер мен ұжымдық шарттардың мерзімі аяқталып, жаңа мерзімге әзірлеу және бекіту жұмыстары жүргізілуде.

 

Түркістан облысының білім басқармасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы және қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Түркістан облыстық ұйымы арасындағы осындай жаңа мерзімге дайындық жұмысы аяқталды. 2 сәуірде бұл үш тарап 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық үшжақты келісімге қол қойды. Атап айтқанда, бұл рәсімге жұмыс берушілер атынан білім беру ұйымдарының өкілі ретінде Түркістан облысының білім басқармасы, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы және жұмыскерлер атынан Түркістан облысы аумағындағы білім беру мекемелері мен ұйымдарының атынан олардың өкілі болып табылатын «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі қатысты.

Қол қою рәсімі Түркістан облысының медиа-орталығында өтті. Оған қол қою құқығына облыстық білім басқармасы атынан басқарма басшысының орынбасары А.Садықова, облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Б.Кенжебаев ие болды. Сол сияқты әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиясының құрамы бекітілді.

Айта кетелік, әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісім Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына, өзге де заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара міндеттемелерін айқындау және бекіту мақсатында жасалады. Сонымен қатар білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби мүдделерін қорғайды. Қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік, құқықтық және кәсіби кепілдіктер мен жеңілдіктерді және артықшылықтарды қарастырады. Сондай-ақ, қолданыстағы заңдар, өзге де нормативтік-құқықтық актілер әлеуметтік әріптестік туралы Бас келісім және салалық келісіммен белгіленген оңтайлы еңбек жағдайларын жүзеге асыруды көздейді.

Әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісім мен ұжымдық шарт жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық акт болумен қатар, ұжымдар ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалды реттеуге, еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды құжат болып табылады.

Ғ.АҚБЕРДИЕВ, облыстық кәсіподақ комитетінің бөлім басшысы.