Алдымыз – жаз. Бұл мезгілде астан улану сияқты келеңсіздіктер көбірек тіркеледі. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері арнайы брифинг өткізді. Қала әкімдігінің «Ақпараттық коммуникациялық орталығында» өткен жиында тиісті мамандар кәсіпкерлерге құжаттарды заңдастыру жолдарын түсіндіре келе, тіркелмегендері жұмыстарын тоқтататынын ескертті.
– Бүгінгі таңда тамақ дайындаумен, оны сатумен 139 нысан айналысуда. Біз олардың тізімін жарияладық. Алдағы уақытта бұл тізім толыға түсуі мүмкін. Сол үшін қоғамдық тамақтану орындарын іске қосқан кәсіпкерлер міндетті түрде тізімге алынып, арнайы рұқсат қағаз алу керек. Тойхана, мейрамхана сияқты көпшілік жаппай уланып қалу қаупі бар нысандарға жылына бір рет жоспарлы тексеру жүргізіледі. Ал, арыз-шағым немесе прокурордың санкциясы болса жоспарсыз да тексеріле береді. Біздің көз жеткізгеніміз, көптеген тамақтану орындарының жұмысы талапқа сай болмай тұр. Бұл – қауіпті. Бүгінгі брифинг өткізудегі мақсат – кәсіпкерлерді қорқыту емес, ескерту, – деді Шымкент қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев.
Одан кейін сөз алған департамент басшысының орынбасары Алмат Қосалиев пен мекеме заңгері Болат Нұрметов тіркелу жолдарын түсіндіріп өтті. Басқосу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша қойған сұрақтарына жауаптарын алды.
«Оңтүстік»-ақпарат.
Комментарии