Өнер көгінде жұлдыздай жарқыраған «Қазына» би ансамблінің өнерпаздары Санкт-Петербург қаласында өткен VII халықаралық «Розы России–2019» деп аталатын бишілер байқауында кезекті рет лауреат атанып, мерейлері үстем болды. Бұған дейін бірнеше рет халықаралық және республикалық би байқауларының жеңімпазы атанған өнер ұжымының мүшелері Гүлназ Сыдықова мен Ақтөре Жүрсінбек арнайы І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұдан бөлек, би ұжымы «Жоғары дәрежедегі кәсіби ұжым», «Шынайы әрі жаңаша саxналық xорео-графиялық қозғалыстары үшін», «Ұлттық би», «Заманауи xореография» (дуэт) секілді бірнеше номинация бойынша үздіктер қатарынан табылса, ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі бас балетмейстері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Зәуре Әжібекова «Шығармашылық ынтымақтастық үшін» аталымына лайық деп танылды. Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы бас консулы Болат Иманбаев би ұжымына арнайы Алғыс хат пен халықаралық тәжірибе алмасу бойынша сертификат табыстады. VII халықаралық «Розы России–2019» байқауында түркістандық өнерпаздар «Қара жорға», «Домбыра», «Аңшылар», «Көзімнің қарасы» және ұйғырдың «Долан-машрап», «Чин-Таxса» билерін билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кететін жәйт, «Розы России–2017» байқау-фестивалінде «Қазынаның» солистері Г.Сатаева, Д.Нұғманов, Б.Байбалашов «Жеке орындаушы» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген болатын. Шыққан биіктерің аласармасын, қазыналықтар!

Ү.РЗУАНҚЫЗЫ. Суретте: «Қазынаның» бишілері Гүлназ Сыдықова мен Ақтөре Жүрсінбек.