Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».
Венесуэлада жағдай әлі ушығып тұр. Елде іс жүзінде қос өкімет билік құруда. Оның бірін Ресей заңды деп есептейтін Николас Мадуро, екіншісін АҚШ қолдайтын Ұлттық ассамблеяның (парламенттің) көшбасшысы Хуан Гуайдо басқарады. Олардың ұзаққа созылған текетіресі елді саяси дағдарысқа алып келді.
Береке бір қашпасын деңіз, берекесі бір қашқан елдің иті қырын келе беретіні бүгінде балаға да түсінікті. Венесуэланың да иті қырын келіп, өздері қырқысып жатқанда электр жүйесінің істен шығып, жұртты әбіржітіп тастамасы бар ма?! Апат себебі әлі белгісіз. Бұл мәселе алғаш рет 7 наурызда туындаған. Ол кезде елдегі ең үлкен «Эль Гури» су электр стансасында апат болып, жарық бір апта бойы сөніп қалған еді. Соның салдарынан ауызсумен қамту жүйесі де істен шыққан. Дүкендерде азық-түлік бұзылып, тауар иелері де, тұрғындар да зардап шекті. Келеңсіздіктің тағы қайталанғанына ашынған тұрғындар жаппай ереуілге шығып, биліктен электр жүйесі мен басқа да коммуналдық қызметтерді қалыпқа келтіруді талап етті. Осыдан соң президент Николас Мадуро энергетика министрлігіне жаңа басшы тағайындады. Бұдан бөлек, Венесуэлада 30 күн бойы электр энергиясын үнемдеу режимі енгізілді. Яғни енді бір ай бойы үкімет қысқартылған кесте бойынша жұмыс істейді. Электр желісіне күш түсірмес үшін мектептер жабық тұрады. Жергілікті билік бұл блэкаут АҚШ-тың кибер шабуылы салдарынан орын алып отыр десе, оппозиция биліктің салғырттығынан, елді біліксіздердің басқаруынан көреді.
Мәліметтер бойынша, елдегі аласапыран 10 қаңтар күні Мадуроның инаугурациясынан кейін ушығып кеткен. Былтыр мамыр айында өткен сайлауда ол 67 пайыз дауыс жинап, президент болып сайланған. Бірақ, Хуан Гуайдо бастаған оппозиция сайлаудың əділетсіз өткенін айтып, оны президент деп танудан бас тартты. Оларды бірқатар еуропалық және латынамерикалық елдер де қолдап шықты. Осыған орай 23 қаңтар күні оппозицияның мыңдаған өкілінің алдында Гуайдо өзін жаңадан президент сайлауы өткенше мемлекет басшысының міндетін атқарушымын деп жариялап жіберді.
Бүгінде текетірес Венесуэланың ішінде ғана емес, сыртында да жүріп жатыр. Ресей мен АҚШ-тың бұрынғы текетірестері текетірес пе, Венесуэла мәселесінде олардың арасы тіпті алшақтап кетті. АҚШ тарапы Ресейден Мадуроның режимін қолдауды тоқтатып, жағдай толық қалпына келгенше Хуан Гуайдоның жағына шығуды талап етіп отыр. Бұл жөнінде АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс журналистерге берген сұхбатында айтты. Олар Венесуэланың астанасы Каракас қаласының әуежайына жуырда Ресей Қорғаныс министрлігінің Ил-62 және әлемдегі аса үлкен ұшақтардың бірі Ан-124 қонғанын саяси арандату деп санайды. Ресей бұл ұшақтармен Венесуэлаға жүзшақты жауынгер мен 35 тонна жүк әкелген. Мұның Мəскеу мен Каракас арасында 2001 жылы қол қойылған əскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісім негізінде жүзеге асырылғанын Ресей сыртқы істер министрлігінің арнаулы өкілі М.Захарова айтып отыр. Дегенмен, АҚШ президенті Дональд Трамп журналистермен болған брифингте «Ресей Венесуэладан кетуі керек» деп нақты талап қойды. Оның бұл мәлімдемесіне М.Захарова: «Ресейдің əскерилері Венесуэлада өздеріне жəне Венесуэла өкіметіне қанша уақыт керек болса, сонша уақыт болады» деп жауап беріп, ешқандай ымыраға келмейтіндіктерін айқын аңғартты. Мəскеудегі Венесуэла елшілігінің əскери атташесі Хосе Рафаэль Торреальба Перес те өз мəлімдемесінде Ресей əскерилерінің Венесуэлаға тек əскери-техникалық ынтымақтастық мəселелерін талқылауға барғанын, ешқандай бірлескен операция жасалмайтынын атап өткен.
Трамп Мадуроны АҚШ-тың қайырымдылық көмектерінен бас тартқаны үшін де айыптап (!) отыр. Шын мәнінде Венесуэлада әлеуметтік-экономикалық дағдарыс сонау 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Бірақ, осыған қарамастан, Николас Мадуро елде азық-түлік және дәрі-дәрмек тапшылығын жоққа шығарып, Батыс елдерінен гуманитарлық көмек алудан бас тартумен келеді. Тіпті, көрші елдермен шекараны жауып, әскерилер мен тұрғындар арасында бірнеше қақтығыс та орын алыпты. Осындай әрекеттеріне орай Испания, Франция, Германия мен Еуроодақтың тағы бірқатар мемлекеттері Гуайдоның жағына шығып кетті. Десе де, Венесуэла билігіндегі дағдарыс, яғни ел президентіне көрсетіліп жатқан қысым Ресей, Түркия, Қытай, Куба мен Боливияға ұнамай, олар ашық қарсылық білдіруде.
Оппозиция өкілдері көшеге шығып, Мадуроның биліктен кетуін талап етсе де, президент мерзімінен бұрын сайлау өткізуге құлықсыз. Оның айтуынша, елде 2020 жылы парламент сайлауы өтпекші. Бұл жерде мәселенің барлығы оппозицияда тәрізді. Елде 20 жылда 25 сайлау өтіпті. Соңғы 18 жылда алты сайлау өткен. 2018 жылғы сайлау да оппозицияның өтініші бойынша шақырылған екен.
Қазіргі жаһандық геосаяси қақтығыстарда басты қаруға айналған санкция салу тәсілі, «ақпараттық шайқас» бұл кикілжіңді де айналып өтпеді. Сенімді ақпарат көздерінен мәлім болғанындай, биыл қаңтар айының соңында АҚШ билігі Венесуэла экономикасының негізгі өзегі болатын мемлекеттік мұнай-газ компаниясына санкция салған. Осылайша, АҚШ компанияның барлық активтеріне шектеу қойып, есепшоттарын бұғаттап, кез келген компаниялармен келісім жасасуға тыйым (!) салған. Хабар 24 сайты АҚШ-тың қаржы министрі бұл әрекетті Венесуэла халқының игілігі үшін жасап жатқанын алға тартқанын айтады. Ал, қазіргі таңда қызу жүріп жатқан ақпараттық майданда Венесуэланың мұнайы, алтын қоры, ішкі-сыртқы қарызы жайындағы мәліметтер жұртты екіұдай ойға қалдырып отыр.
Дегенмен, осы материалды дайындау үстінде 24 kz сайты Венесуэланың ұлттық кеңесі оппозиция басшысы және өзін-өзі президент етіп жариялаған Хуан Гуайдоны депутат ретіндегі құқықтық иммунитетінен айырғанын мәлімдеді. Одан бөлек, ассамблея саясаткерге міндеттерді иемденгені үшін қылмыстық жауапкершілік артыпты. Гуайдоның өзі де журналистерге соңғы уақытта қорқыныш құрсауында жүргенін айтқан екен. Оның айтуынша, елдегі бірде-бір құрылымда иммунитеттен айыру құқығы жоқ. Бұл оның қорғанысының әлсірегенін көрсетеді. Жағдайдың немен тынары әзірге белгісіз...
Комментарии