Назгүл Назарбекова, «Ońtústik Qazaqstan».

Орталық коммуникациялар қызметі көктемгі егіс науқанының басталуына орай ауа райы қолайлы аймақ саналатын Түркістан өңірінде көшпелі баспасөз мәслихатын өткізді. Көктемгі дала жұмыстары қызып жатқан Ордабасы ауданына қарасты «Рамазан Агро» ЖШС меншігіндегі егіс алқабында өткен баспасөз мәслихатына ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ стратегиялық жоспарлау және талдау бөлімінің бастығы Саят Аетов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов қатысты.

Дәстүрлі баспасөз мәслихаты бұл жолы бірден сұрақ-жауаппен басталды. Ешкім сырғытып баяндама оқыған жоқ, есесіне спикерлер қойылған сауалдарға жан-жақты және нақты жауап берді.

Мәселен, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов журналистердің «Елімізде ауыл шаруашылығы техникасы паркінің ескіргені белгілі, келешекте қазіргі өндірісте жүрген техникалардың орнын заманауи техникаларға ауыстыру жөнінде жоспар бар ма?» деген сауалына былай жауап берді: «Расында да мойындау керек, қазіргі күнде техника паркі 70-75 пайызға ескірді. Техника жаңа болса, тұқымды дер кезінде сеуіп, өнімді де кешіктірмей жинап алуға мүмкіндік бар. Бүгінде шаруалар 2 түрлі бағдарлама бойынша техникасын жаңарта алады.

Біріншісі – инвестициялық субсидия, яғни сатып алған техника құнының 25 пайызы мемлекет есебінен қайтарылады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік 25 пайызға 10 пайыз қосып, түпкілікті инвестициялық субсидияны 35 пайызға жеткізеді. Екіншісі – несиеге техника алған жағдайда банктің сыйақы мөлшерлемесінің 10 пайызы мемлекет есебінен төленеді.

Бүгінгі таңда, міне, осы екі бағытта техниканы жаңартуға қолдау көрсетілуде» деді ол.

Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ стратегиялық жоспарлау және талдау бөлімінің бастығы Саят Аетов «Кең Дала» бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп иелерін несиелендіруге биыл 7 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 60 млрд. теңге қаралып отырғанын жеткізді. Бұл тұрғыда БАҚ өкілдері қаржының қанша бөлігі Түркістан облысына тиесілі екенін сұрады. Аграрлық несие корпорациясы соңғы жылдары аталмыш бағдарламаның нақты операторы болып танылған. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 59,7 млрд. теңгеге өтінім түсіпті. Ал, Түркістан облысы бойынша 4,1 млрд. теңгеге ұсыныс түсіп, диқандар 2,5 млрд. теңгеге қол жеткізген. Қазіргі таңда 1,6 млрд. теңгенің ұсынысы мақұлданып, таяу күндері ол шаруалардың қолына тиеді.

Естеріңізде болса, 2006-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Ө.Шөкеев азық-түлік белдеуін құруды тапсырған болатын. Баспасөз өкілдері осы мәселені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың есіне салды. Басқарма басшысы бұл тұрғыдағы мәселенің қайта жанданып келе жатқанын, яғни Түркістан қаласы аумағынан радиусы 20 шақырым болатын азық-түлік белдеуін іске асыру бойынша нақты шаралардың атқарылып отырғанын атап өтті. «Қазіргі таңда осы мақсатта 20 мың гектар жер анықталып отыр. Оның ішінде бірінші кезекте Түркістан – Шымкент бағытында 1000 гектар алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы басталып кетті. Жобаның негізгі мақсаты – әлемдегі озық технологияларды пайдалана отырып, топырақты құнарландыру, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру. Қазіргі таңда Шаға ауылдық округінен 121 шаруашылық субъектісінен тұратын арнайы «Ынтымақ» өндірістік кооперативі құрылып отыр. Олар жаңбырлатып суару әдісімен 400 гектар жерге дәндік жүгері дақылын, 400 гектарға сүрлемдік жүгері және 200 гектар жерге жоңышқа дақылын егеді. Кооператив бұл жерден жоғары өнім ала отырып, әрі қарай тауарлы-сүт фермасына жөнелтеді. Ол қайта өңдеуден өтіп, арзан бағамен қала тұрғындарына, одан әрі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жіберіледі. Бұл жоба ғалымдардың сүйемелдеуімен, бақылауымен жүзеге асырылады. Ал, келер жылы Түркістан – Қызылорда, Түркістан – Отырар, Түркістан – Кентау бағыттарында жалпы 14 мың гектар алқапты игерсек деген жоспар бар» деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Басқарма басшысы биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылға қарағанда 10 мың гектарға артып, 824 мың гектарға жеткенін атап өтті. Егістікті әртараптандыру бойынша мал азығы дақылдарын егетін егістік көлемін 18 мың гектарға арттырса, табысы мол, сұранысқа ие бақша дақылдарының көлемі 10 мың гектарға ұлғаймақ. Сондай-ақ, әртараптандыруға сәйкес мақтаның егіс көлемі биыл 11 мың гектарға, бидай 15 мың гектарға қысқармақ. Биыл күннің ерте жылынуына байланысты көктемгі дала жұмыстары 2 апта бұрын басталған. Нұрбек Бақтыбайұлы шаруалар үшін тағы бір қуанышты жаңалықты жеткізді. Биыл Үкімет тарапынан 38 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Яғни жанар-жағармай бекеттерінде литрі 195 теңгеден саудаланып жатқан дизель отыны қазіргі таңда шаруаларға 167 теңгеден босатылуда.

Сонымен қатар, биыл 4,3 млрд. теңгеге 96 мың тонна минералды тыңайтқыш субсидияланбақ. Бүгінгі таңда облысқа 35 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген. Оның 5,5 мың тоннасы агроқұрылымдарға босатылыпты. Көктемгі дала жұмыстарына қолда бар техникалардың 95 пайызы жұмылдырылып отыр. Арнайы ұйымдастырылған 13 тұқым шаруашылығы жұмыс істеп тұр.

Баспасөз мәслихатында бұдан бөлек, қайта өңдеумен айналысатын және көшет өндіретін шаруаларға, бау-бақша өнімдерін өсірушілерге көрсетілетін жеңілдіктер жайы айтылды. Жаңбырлатып суарудың тиімділігі сөз болды. Облысымыз тамшылатып суару әдісінен көш бастап тұр. Алайда, азық-түлік белдеуі жобасын іске асыруда жаңбырлатып суару әдісі қолға алынбақ. Басқарма басшысының айтуынша, тамшылатып суару әдісін қолданған шаруалар жыл сайын шланг, құбырын ауыстырып, шығынданып жатады. Ал, жаңбырлатып суару тәсілінде бір жерде айналдыра суарылады. Яғни оның қуаттылығы 20 жылға дейін жетеді. Америкалық және австралиялық осынау тәсілдің тиімділігі өте жоғары. Айта кетейік, өңірімізде суармалы жер көлемі ұлғаймақ. Бұл бағытта Үкімет қаулысы да шықты.

Егіс алқабында өткен баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, әлеуметтік желі арқылы да сауалдар түсіп жатты. Онда жылыжайларға берілетін жеңілдіктер сұралған. Аграрлық несие корпорациясының өкілі агроэкспорт бағдарламасы аясында жылыжай салғанға, қажетті құрылғыларды қойғанға сыйақы мөлшерлемесі 8 пайыздық жеңілдікпен несие берілетінін жеткізді. Сонымен қоса жиында биылдан бастап мақтаға төленетін субсидияның тоқтатылатыны да айтылды. Әзірге тұқымға және гербицидтерге ғана субсидия қаралған.