Түркістанға түйелер керуені келді. Көне қала Шауғардан жолға шыққан керуен Қ.А.Ясауи кесенесінің маңына келіп аялдайды. Ішкі туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған осынау іс-шараға қалалық әкімдік қолдау көрсеткен. Ал, жергілікті шаруа Нұржан Баймұратов осы іс-шараға мініс түйелерін тегін беріп отыр.

 

Іс-шара барысында ауыл қариясы Жолбарыс Асылханұлы керуеншілерге ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Алғашқы рет бірнеше түйемен және атпен жолға шыққан керуен 8 шақырымдық жолды бір сағатта жүріп өтті.

Бұл бағыттағы жұмыстар тарихи қалаға келген туристерді де қатты қызықтыратыны анық. Сондықтан ұйымдастырушылар алдағы уақытта мініс түйелер санын арттырып, керуеннің бағытын кеңейтуді көздеп отыр.

– Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне қалалардың бойымен жүріп өтуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, Отырар қаласынан таңертең жолға шықсақ кешке дейін Түркістанға келуге болады екен. Отырар мен Түркістанның арасындағы жолда шопандардың үйіне қонақ болып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптемекпіз. Керуенмен саяхатты дәруіштер мен қарақшылардың қатысуымен ұйымдастырылған қойылымдарға да ұластыруды ойластырдық. Қазақ батырының төбет иті мен бес қаруын, жылқыны баптауын көрсетіп, аңыз әңгімелерді тыңдатпақпыз. Басты мақсат – туристерді көшпенділердің өмірімен таныстыру, туризмді дамыту, – дейді өлкетанушы әрі іс-шараны ұйымдастырушы Ерлан Сыздық.

Қазіргі кезде жоба туристік компанияларға таныстырылу үстінде. Егер шетелден және еліміздің әр аймағынан қызығушылық танытатын саяхатшылар болса, түйелердің саны да көбейтіледі. Тіпті, заттарын алып-жүруге арнайы керуен бөлуге де мүмкіндіктер қарастырылмақ.

Қ.ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.