Спорт саңлағы

Спорт саңлағы

Байтақ даламызды барын салып қорғаған батыр бабаларымыздың сарқыты сынды саңлақ спортшыларымызды әркез мақтан тұтамыз. Ауданымыздың тұрғыны, Азия чемпионатының күміс жүлде иегері Шыңғыс Сандибаев дәл біз сөз етіп отырған жақсылардың жалғасы екені сөзсіз.
Кейіпкеріміздің таэквондомен айналысқанына 12 жылдан асты. Осы уақыт аралығында талай байрақты бәсекеде топ жарып, биіктен көрінді. Алғашында жай ғана қызығушылықтың арқасында спортпен шұғылдануға ден қойған ол осындай жеңістерге, жетістіктерге жетемін деп ойламаған Шыңғыс бүгінде жасөспірімдер арасында таэквондодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, таэквондодан ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері және де таэквондодан бірінші дан иегері. Шыңғыс тек республика деңгейінде ғана емес, сондай-ақ, халықаралық сайыстарға да қатысты. Мысалы, Корея мемлекетіндегі «Korea open»1-орын, Арабия мемлекетіндегі «Fujayrah open» 1-орын, Түркияда клубтар арасындағы Еуропа чемпионатында 1-орын, Кавказ чемпионатында 1-орын иегері. Жақын арада Қазақстанда ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Жерлесіміз бұл жарыстан да жүлдесіз қайтпады, күміс медальді қанжығасына байлады.
2001 жылы ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында дүниеге келген ол Керімбеков мектебінде 9-сыныпқа дейін білім алып, әрі қарай Алматы қаласындағы «Шаңырақ» мектебіне ауысады. Өйткені, алып шаһарда ауқымды спорт жарыстарына қатысуға мүмкіндіктер жоғары еді. Орта білім ошағын тәмамдағаннан кейін біліктілігін шыңдау үшін Алматыдағы Спорт және туризм академиясына оқуға түседі. Болашақта жаттықтырушы болуды армандайтын Шыңғыс отбасында өзге ешкімнің спортқа дәл өзіндей ден қоймағандығын айтты.
– Алғаш рет мені атам алты жасымда таэквондо клубына алып барған болатын. Басында бұл спорттын түріне жәй балалық қызығушылық болса, қазіргі таңда таэквондомен кәсіби түрде айналысып жүрмін. Болашаққа қойған жоспарларым аз емес. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда, әсіресе, оның ішінде олимпиада ойындарында жеңімпаз атанып, елімнің көк туын желбіретуді армандаймын.
Бүгінде жоғары спорт шеберлігі мектебінде дайындалып жүрген Шыңғыс Сандибаевқа жаттықтырушылары зор сенім артады. Ол қазір Түркияда өтетін «Turkey open» мен Араб әмірлігінде өтетін «Fujayrah open» жарысына қатысу үшін өтетін іріктеуге дайындық үстінде.
Әрине, спорттың қай түрімен де шұғылданған жақсы. Кезінде Мұстафа Өзтүрік негізін қалаған спорттың бұл түрі өзгелерден ерекше. Таэквондо – темірдей шыңдайды, төзім мен табандылыққа баулып, адамды жасымас жігерлі, қайсар рухты етіп тәрбиелейді. Сондықтан спорттың осы түрін өмірлеріне серік еткен, талай додаларда топ жарып, ел намысын қорғап жүрген Шыңғыс спортшымызға тек жеңістің тұғырынан көрінуді тілейміз!

Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.