Оқушылар арасындағы шахматтан жарыс

Оқушылар арасындағы шахматтан жарыс

Өткен аптаның сенбісінде Қаскелең қаласындағы Абай мектеп-гимназиясында аудандағы мектеп оқушылар арасында шахматтан жарыс өтті. Турнирді Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына арнап, «Белая Ладья» шахмат пен дойбы клубы ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты қарасайлық жасөспірімдердің шахматқа деген қызығушылығын оятып, ойынға деген шеберлігін шыңдау, бос уақыттарын тиімді өткізуге дұрыс бағыт беру және саламатты өмір салтын насихаттау. Бір айта кетерлігі, бастаманы көтеріп отырған «Белая Ладья» клубының құрылғанына бес жыл болған, соның екі жылында Қаскелеңдегі Абай мектеп-гимназиясынан арнайы үйірме ашқан. Онда бүгінгі таңда төрт топқа 15 бала тұрақты түрде қатысады. Қазіргі таңда клуб өзге елді мекендерді қамтуды мақсат етіп отыр. Сол себепті ұйымдастырушылар жарыстың пайдалы әрі нәтижелі болатынына сенімді.
Сайысты аталмыш үйірменің директоры Дәурен Иманберлинов салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудан әкімінің кубогы сарапқа салынған ойында барлығы 100-ге тарта оқушы бақтарын сынап, мектептерінің абыройын қорғады. Бастала сала қыза түскен дода бес кезеңнен тұратын швейцариялық жүйемен топтық есепте жүргізілді. Ойын барысында жас жеткіншіктер бар шеберліктерін салып, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, бір команда болып білектерін біріктіріп келген жас шахматшылар жүлделі орын алуға ниетті еді. Бірнеше сағатқа созылған додада қателіктерге ұрынбай қарсыластарын шаң қаптырғандардың мерейі өсті.
Ақтық бәсекенің нәтижесіне сәйкес командалық жоғары ұпай есебімен үздіктердің арасынан суырылып шыққан Шамалған бекетінің қазақ орта мектебі бірінші орын мен аудан әкімінің кубогына ие болды. Ал, екінші орынға Қаскелең қаласындағы Абай мектеп гимназиясы, үшінші орынға Көксай ауылындағы М.Мәметова мектебі лайық деп танылды.
Жарыс соңында осы спорттық турнирге қатысқандарға «Белая ладья» клубының төсбелгісі мен «Апорт» ойын-сауық орталығында орналасқан «Hawaii» аквопаркіне бір күндік тегін жолдамалар берілді. Клуб басшылығы алдағы уақытта осындай турнирлерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.