Бұдан былай салық бойынша қарызыңыз SMS түрінде келіп отырады

Бұдан былай салық бойынша қарызыңыз SMS түрінде келіп отырады

Қазіргі жүйенің кесірінен көптеген адамдар шетелге шығарда ғана қарызы туралы ақпарат алып, жолдарынан жиі қалып кетеді.
Енді салықтық қарыз SMS арқылы келіп отырады. Елде жыл соңына дейін салық берешегі туралы хабарлама тарату жүйесі іске қосылмақ. Биыл салық төлеушілердің бірыңғай «электронды әмияны» да жасалады.
Отандық салық жүйесіндегі қазіргі негізгі проблема — ортақ мәліметтер базасының уақытында жаңартылмауы. Халық қарызының бар-жоқтығы туралы әлі күнге уақытында біле алмайды. Шетелге шығарда шекарада ол алдынан тосын сый боп шығып, жолдан қалады. Банкте несиеден қағылады. Нәтиже көрінбейді. Былтыр мемлекеттік органдардың салық мәліметтерінен 5 млн қате табылған.
Бұл жайтқа байланысты Қазақстанның қаржы министрі Әлихан Смайылов ағымдағы жылдың соңына дейін, оның ведомствосы салық қарызы туралы SMS хабарлама сервисін іске қосатынын хабарлады.
– Салық берешегі бойынша SMS хабарлауды жыл соңына дейін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтардың уақтылы төлем жасайтынына кепілдік бермейді, сондықтан шекарандан өткен кезде,терминал арқылы төлем жасауға мүмкіндік берілді және төлегені туралы ақпарат бірден түседі, себебі біз банктермен электрондық үкімет шлюзі арқылы тікелей интеграцияландық. Бұл төлем туралы ақпаратты 2-3 минут ішінде көруге мүмкіндік береді. Сондықтан қазір шекарада мәселе жоқ, – деді министр.
Қазіргі уақытта әрбір салық төлеушінің E-gov порталында, жеке кабинетте берешегі туралы мәліметтерді тексеруге мүмкіндігі бар.
Ал, жыл соңына дейін азаматтарға бірыңғай электронды әмиян ашылмақ. Сонда салықты тек бір ғана реквизитке төлейсіз. Түскен сома барлық салық бойынша автоматты түрде тарайды. Жоба алдымен Қазақстанның екі облысында – Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында іске асырылуда. Онда салық төлеушілерге көлік құралдары бойынша алдағы төлемдер туралы ескертулері бар SMS жіберіліп жатыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.