«Қайран Қарасазым-ай!»

«Қайран Қарасазым-ай!»

Мен туған жер Қарасаз баурайдағы,
Жалғанда жер біткеннің балқаймағы.
Есім кетіп жүргенде ес білдірген,
Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы!
Мұқағали Мақатаев.

Бір өлеңі бір елдің мұрасындай болған Мұқағали ақынның:
Тәкаппар таулар жатқан жан-жағында,
Барып қайт салқын самал малды ауылға.
Бір жер бар «Қарасаз» деп аталатын,
Көресің жолың түсіп барғаныңда.
Көресің көк орманын, жылғаларын,
Мөп-мөлдір қайнап шыққан тұнбаларын.
Жылғаның жағасында бұзылған үй,
Сен соған ей, жолаушым бір қарағын, – деп басталатын осы бір өлеңі біреулер үшін туған жерін сағынған ақынның жай ғана жүрек тебіренісі болар, бірақ, сол Ескі Қарасазды көзімен көріп, сонда тірлік кешкен әрбір адам үшін бұл өлеңнің мағынасы өте терең әрі ыстық. Мұқағали ақынның балалық, жастық шағы, яғни, өмірінің үштен екі бөлігі осы Ескі Қарасаз ауылында өткен. Ақынның туған жер, табиғат, жастық шақ, махаббат тақырыбына жазылған көптеген лирикалық туындылары және соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі ауыл өмірі жайлы жазылған өлеңдері мен поэма, дастандары осы ауылда қағаз бетіне түскен.
Кес-кестеп кісі жолын торымаған,
Осында тірлік еткен момын адам.
Қаншама тырбанса да шаруаның,
Дәулеті бір-біріне қорымаған.
Өмірде өзін-өзі құл көріпті,
(Киіпті ауыстырмай бір бөрікті…)
Байғұстың барша жұрты тілек тілеп,
Үйіне тұңғышы боп ұл келіпті…
Демек, қазақтың болашақ ақынының кіндігі осы үйде кесілген. Әкесі Сүлеймен Мақатайұлы өзіне лайық шағын шаруасы бар момын адам болған.
Той жасап, торқа төсеп шабылмаған,
(Демек, тойдың жабдығы табылмаған.)
Өмір дейтін өзгермес мекеменің,
Алдында әжем мені қабылдаған.
Кейін әкем ел-жұртын басқарыпты,
(Қашанғы жарғақ бөркі тасталыпты.)
…Жағасында жылғаның бұзылған там,
Ғұмырым осы жерден басталыпты, – дейді ақын.
1931жыл… Нәубет, қолдан ұйымдастырылған ашаршылық жылдарында той жасауға қарапайым шаруаның жағдайының болмағаны да тарихи шындық. Қазақтың салт-дәстүрінде тұңғыштың ата мен әжеге табиғи бала болуы да заңды құбылыс. Дүние есігін ашқан тұңғыш немересін сол дәстүрмен Тиын (Мақпал) әжеміз бауырына басқан. Мұқағалидың өз анасы Нағиман апамызды «Нақа» деп атауы да сондықтан. Сүлеймен атамыз бір жыл шаруашылық басқарған соң, 1941жылы майданға аттанып, қайта оралмаған.
Әрине, туған жер әркімге де ыстық. Әр қазақтың өз ауылы бар. Мен 2013жылы баспадан шыққан «Мұқағали ақынның атамекені» атты кітабымда «Қарасаз — қасиетті мекен» деген тақырыппен қазір орны бар да өзі жоқ осы бір Ескі Қарасаз ауылын бұрынғы сызба жобасымен кең көлемде жазған едім. Біздің де алғашқы бір мүшел балалық шағымыз осы ауылда өтті.
Өткен ғасырдың 1961-1967жылдары халық саны көбейіп, шабындыққа жақын болғандықтан және жаңа жаңа құрылыс нысандарын салу үшін ауыл аумағы тарлық еткендіктен, ауылды оңтүстікке қарай екі шақырым жерге көшіріп, қазіргі Қарасаз (Социалистік Қазақстан) ауылына қосты. Ескі жұртқа колхоз картоп екті, көп үйлердің орындары сол кезде тегістеліп кетті. Мұқағали ақын, «Ескі жұртта» деген өлеңінде
Қай маңда, көке-ау, қай маңда,
Көрсетші біздің көшені.
Айтсаңшы, көке-ау, қай маңда,
Орны менің үйімнің,
Қанып ем талай айранға,
Қолынан әжем Тиынның.
Орны қайда үйімнің – демеуші ме еді. Сол кездерде біз бала болсақ та, арада жарты ғасыр уақыт өтіп зейнетке шықсақ та, балалық бал дәуренім өткен Ескі Қарасаздың сол кездегі суреті жадымда жатталып, көз алдымда сақталып қалыпты. Ақын ағамыз Алматыда тұрғанда жол қатынасының қиындығына қарамастан ауылға жиі келуші еді. Тіпті, кейде көлік болмай Сарыжаздан Қарасазға дейінгі 25 шақырым жолды жаяу жүрген кездері де болған. Бұл ақынның туған жерге деген перзенттік махаббаты мен елге деген сағынышы болса керек. Ақын «Туған жерім» деген өлеңінде:
Әне, тұр менің туған жаман тамым,
Сол тамда көргем тұңғыш өмір шамын.
Есігін өмірімнің сонда ашып,
Іңгәлап мен де өмірге ұмтылғамын, – деп осы бір қасиетті мекендегі әкесі салып берген өзінің қоржын там ескі үйін сағынышпен есіне алады.
Жиегінде өзеннің ол тұрады,
Қарасам көзді жасқа толтырады.
Қымбат маған көзімнің қарасындай,
Ол тамның әрбір түйір топырағы, – деуі де сондықтан. Бұл үйге ақын дүние жиған жоқ, өміріне рухани азық болар кітаптар жинады. Мұқағали ақынның сол бір қоржын там үйінің шағын макеті ақын мұражайында тұр. Бірақ, біз бір мұражаймен ғана шектеліп қалмай, ақынның бұрын тұрған, жүрген тіптен балық аулап серуен құрып шабытына шабыт қосқан Ескі Қарасаздың тұмса табиғатымен де таныстыруды қолға алуымыз керек. Ақынның 90 жылдық мерейтойы да иек астында тұр. Ол тойға да осы бастан дайындықты бастаған жөн. Ақынды «тірілтіп» кең көлемді көркем фильм түсіретін кез де жетті ғой деп ойлаймын. Сонымен бірге:
Мен өскен лашық бір бөлме,
Бір бөлме — маған мың бөлме.
Хан тағы қараң қалатын,
Босағаңды аттап кіргенде, – деп сол бір лашық үйін хан тағынан да артық көретінін байқатады.Ақын өмірінің соңында 1976 жылы жазған «Ұям менің» өлеңінде:
Біздің үй болатұғын осы арада,
Жататын бұлақ ағып босағада.
Орыны да өшейін деп қалыпты ғой,
Өтіпті көп уақыт тоса ма алда, – деп там үйінің іргесіндегі бозқараған тоғайы арасына сіңіп кететін тұнба бастаудан да су ішетінін есіне алады. Мұның бәрі табиғи жәдігер, мұның бәрі тарих.
«Жүре берсең көре бересің», дегендей, мамандығымыз географ болған соң көптеген елдерде болдық. Сондағы бір байқағаным, әр ел өзінің ұлтын, елін, жерін сүйген атақты ақындарын ұлықтап,олардың туып-өскен, тіпті қудалауда болған жерлеріне де ескерткіш белгілер қойып мұражайларын ашқан. Мысалы, орыс халқы Сергей Есенинге Грузияның Батуми, Әзербайжанның Баку, Өзбекстанның Ташкент, Ресейдің Петербург, Смоленск, Толяти қалаларында ескерткіштерін орнатып, ол тұрған үйлерді мұражайға айналдырған. Ақынның өзі туып өскен Рязань облысындағы Константиово селосын мемлекет қарауына алып, қорық мұражайын ұйымдастырған.
Қарасазым!Айтылмаған сезім-ең,
Мен іздеген бақыттың сен өзім-ең.
Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам,
Кім құмартса өзі көрсін көзімен, – деп ақын тым алысты болжаған. Туған жеріне деген сөз жеткісіз шексіз махаббатын осы бір шумақ өлеңге сыйғызып бізге аманат етіп қалдырыпты.
Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да ақын өлеңдері қарсы алады. Алыс-жақын шетел тілдеріне аударылып басылуда, тіптен мұхит асып Америка жұртымен де қауышты. «Отан от-басынан басталады» демекші, егер ақын өзінің шағын ауылы мен оның табиғатын жан-жүрегінен өткізіп сүйе алмаса бүкіл қазақ даласын құшағына сыйғыза жазған «Алтай – Атырау» поэмасын жазбаған болар еді.
Мен бақыттымын,
бақытты жерде туылдым,
Айналайын, Қарасаз,
қасиетінен суыңның.
Сенің әрбір бұлағың,
менің әрбір қан тамырым емес пе,
Қасиетті тұрағым, –деп қайда жүрсе де кіндігі туған жерге байланған, Қарасазының әр бұлағын өзінің бойындағы қан тамырына балаған Мұқағалидай жүз жылда бір туатын ғасыр ақынының Ескі Қарасаздағы осынау бір там үйінің орнын тазалап,абаттандырып, көрнекті бір ескерткіш қойсақ, келешек ұрпақтар үшін, ақын рухын құрметтеуші халық үшін, тіпті, Қарасазға келетін қонақтар мен туристер үшін де игілікті бір іс-шара атқарған болар едік. Бұл аса бір қиын шаруа емес. Жыл өткен сайын ақынның көзін көрген үлкендердің де қатары сиреп барады. Осы орайда айтпағымыз, аудан, ауыл әкімдері, халықаралық Мұқағали қоры, «Мұқағали» журналы, мұражай ұжымы мен ауыл азаматтары менің бұл ұсынысымды қолддайды және ортақ іске үлес қосады деп сенім артамын.
Мұқағали ақынның 1976 жылы өмірден өтер алдында аурухана төсегінде жатып Қарасазының көз тоймайтын сұлу табиғатын көз алдына елестетіп жазған аңсау мен сағынышқа толы «Қайран Қарасазым-ай!» өлеңі әнге айналып Қазақ елінің аспанында қалықтап жүр…
Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.