Қазақстандағы үш автожолмен жүру ақылы болды

Қазақстандағы үш автожолмен жүру ақылы болды

Биылғы жылғы 26 қаңтардан бастап Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас және Астана-Теміртау бағыттағы автожолдарында ақылы қызмет көрсетудің жаңа жүйесі пайда болды. Бұл жүйе еліміздегі транспорттық инфрақұрылымын дамытуда жалпы ішкі өнімнің көлемін арттыруға, автожолдарды жөндеу, қалпына келтіру сынды маңызды жұмыстарын жандандыруға септігін тигізеді. Аталған жолдарда негізгі жұмыстар аяқталып, терминалдар орнатылған.
Ұзындығы 42 шақырымды құрайтын Алматы-Қапшағай жолымен жүру үшін 100 теңгеден 200-ге дейін ақша төлеу қажет. Ал, ұзындығы 295 шақырым болатын Алматы-Қорғас жолында жеңіл көлік үшін тариф – 300-600 теңге аралығында. Астана-Теміртау автожолының ұзындығы 134 шақырым болғандықтан жолда жүру үшін 200-400 теңге аралығында ақша төлеу керек. Жол ақысы аймаққа кірер жерде орналасқан төлемақы алу бекеттерінде төленуі қажет. Немесе Pay Way.kz жүйесі, KazDriver мобильді қосымшасы, Kaspi.kz интернет бөлімшесі арқылы, Сбербанк, АТФ Банк, Еуразиялық Банк, Halyk Bank, Capital Bank интернет банкингтермен, Kcell, Activ, Belline, mobile App Web-қосымшасы сынды мобильді байланыс жүйелерімен және жеке есепшоттар арқылы QIWI, Касса24, Tenge, Woppay, Salempay терминалдары, Е100 жанар-ажағармай картасы арқылы алдын ала төлеуге болады. Жеңіл көліктер үшін алдын ала төлеудің жеңілдігі бар екендігін ұмытпаңыздар. Осыған байланысты, «Қазавтожол» Ұлттық Компаниясы» алдын ала төлем жасаудың тиімді екендігін ескертеді.
Ал, түскен ақша жолдардың жөнделуіне, жол белгілерінің орнатылуына және қысқы уақытта арнайы реагенттермен өңделуіне жұмсалады. Аталған үш автожолмен жүру шұғыл қызметтер, рейстік және қалааралық автобустар үшін ғана тегін болады. Сондай-ақ, ақылы жол өтетін аудандардың тұрғындары үшін жүргізушілерге жылдық абонемент сатып алу ұсынылып отыр. Оның құны – 1 000 теңге. Оны ақылы жол жүретін елді мекендерге тіркелген автокөліктердің иелері ғана алады. Егер де сол ауылда тұратын азаматтың көлігі басқа өңірге тіркелген болса төлемақы ортақ негізге сай алынады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.