Жетекші инженер Алмат

Жетекші инженер Алмат

Жастар жылының ашылу салтанатына қатысты

Жақында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, Астана қаласындағы «EXPO-2017» көрме кешенінің «Нұр әлем» павильонында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өткені белгілі. Оған еліміздегі жас буындардың барлық санатының өкілі қатысты. Олардың ішінде жас кәсіпкерлер, ғалымдар, дарынды оқушылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, спортшылар, әскери қызметкерлер, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» байқауының қатысушылары, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері мен Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясының жетекшілері, жергілікті атқару органдарының басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері де болды. Бұл аса маңызды басқосуға ауданымыздың тұрғыны Алмат Тәкебаев та қатысқанын атап айтамыз.
Алмат Қанатұлы 1987 жылы 28 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген, 1989 жылдан Қаскелең қаласында тұрады. Әкесі Қанат Тәкебаев журналист, Райымбек ауданының Құрметті азаматы. Анасы Күлсінбүбі Қыбыраева мұғалім, «Алтын алқа» иегері.
Көп балалы отбасынан шыққан Алмат 2005 жылғы Қаскелеңдегі Абай атыңдағы орта мектеп-гимназиясының түлегі. 2006 жылы Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының «Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы» факультетіне түсіп, 2009 жылы оны қызыл дипломмен бітірген. 2010жылы Л.Б. Гончаров атындағы автомобиль жолдары академиясының магистратурасына оқуға түсіп, 2012 жылы оны «Техника және технологиялар магистрі» болып тәмамдаған.
Студент кезінен әртүрлі іс-шараларға белсене араласатын Алмат «Қазақстан жолы ғылыми-зерттеу институтында» жақсы жұмысы үшін талай грамота мен мадақтамалар алыпты. Мысалы, «DYNATEST» (Дания) компаниясының сертификаты, автожол саласына қосқан үлесі үшін, Құрылысшы күніне орай – Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ, Алматы қалсындағы «Нұр Отан» партиясының Алатау аудандық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш партия ұйымы мүшелерінің арасында өткізілген байқауда «Үздік спикер» атанған. Осы жетістіктерін ескерген институт басшылары оны – «Автомобиль жолдарын жобалау және диагностикалау, паспорттау» бөлімінің жетекші инженерін Астанада өткен жастар жылының ашылу салтанатына жас мамандардың атынан жіберген.
Қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп, жемісті білім алып жүрген, «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» жиналған форумнан жақсы әсер алған Алмат:
–Жалпы, бұл тамаша шараға қатысқандардың бәрінің де көңіл-күйі өте жоғары деңгейде болды. Себебі, Елбасы осы салтанатты жиында жастармен бұған дейін көтерілген мәселелердің шешімін өзі анықтап берді. Оның ішінде, аймақтағы жастар саясатының дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанына менің тағы да көзім жетті. Елбасының «жұмыс орындары емес, мамандар жоқ» деген пікірін естіген боларсыздар. 2014 жылдан бастап өңірге қажетті мамандықтар бойынша Ресейдің маңдайалды техникалық оқу орындарына, облыс әкімінің гранты есебінен, жастар оқуға жіберілді. Олардың алғашқы легі биыл бітіріп келді. Сондықтан біздің облыста Елбасының жастар жұмыссыздығы жөнінде көтерген мәселесі бойынша алдағы уақытта жемісті істер болады деген ойдамын. Елбасы жастардың көңіліндегі тағы бір мәселе – тұрғын үй бойынша да жастарды қолдау, жас ғалымдарға арнайы шәкіртақы бөлу және жастардың жаңа бастамаларын жүзеге асыруға қаржылай көмек көрсету сияқты бағыттарды да айқындап берді. Аталған форум мен үшін ерекше естеліктерімен есімде қалды. Мұндай бақ екінің біріне бұйыра бермейді. Сол үшін де мен бақыттымын! – дейді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.