Бұл – тарихи қажеттілік!

 

Біз саясаты сағат сайын құбылып тұрған әлемде өмір сүріп отырмыз. «Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін» деді Мемлекет басшысы қазақстандықтарға 9 сәуір күні жасаған Үндеуінде.

 

2019 жылдың 19 наурызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатып, уақытша басқару тізгінін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғаны мәлім. Енді, міне, 9 сәуірде Қ.Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау биыл 9 маусымда өтетінін мәлімдеп, Үндеу жариялады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осынау өте маңызды әрі саяси шешімді сана сүзгісінен әбден өткізіп барып қабылдаған сыңайлы. Ең бірінші кезекте Елбасымен ақылдасқан, Парламенттің қос палата спикерлерімен, Премьер-министрмен кеңесіп, Конституциялық Кеңес төрағасының келісімін алған. Жетекші саяси партиялардың көшбасшыларымен кездескен. ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешім барлық саяси процедураларды сақтай отырып қабылданған. «Қазақстандағы сайлау транзиттік процеске нүкте қояды. Демек, аталмыш маңызды мәселенің барлық қоғамдық-саяси аспектілері ескерілді. Сол себепті, сайлау өткізу – елдегі негізгі қоғамдық-саяси күштердің үйлескен ойы» дейді ол.

Сонымен, сайлау мерзімі нақты жарияланды. Енді президенттік лауазымға кімдер үміткер бола алады деген сауал көкейде тұр? ҚР Конституциясының 41-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар азамат сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін. Сондай-ақ, Ата Заңымыздың 42-бабы 5-тармағына сәйкес бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Айта кетерлігі, бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды. Биылғы ерекшелік, Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауға түспейтіндігі.

Тағы бір айта кетерлігі, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, президенттікке үміткерлерді ұсыну құқығы республикалық қоғамдық бірлестіктерге, соның ішінде саяси партияларға тиесілі. Қазіргідей тағдыршешті кезеңде саяси партиялар елді жік-жікке бөлмей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілік танытуы тиіс. Қазақстанның ең басты байлығы – мұнайы емес, тыныштығы. Саясаттанушы Оразғали Селтаевтың пайымдауынша, «Нұр Отан» партиясының атынан үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев болады. Оның ойынша, Сенат спикері Дариға Назарбаева сайлауға түспейді, Парламенттегі беделін арттыруға күш жұмсайды. Алайда, Дариға Назарбаева «Конституция, заңдарға сай, елдің кез келген азаматы сайлауға түсе алады. Ал, кандидаттарды ұсыну туралы шешімді саяси партиялар қабылдайды» дегенді айтты. Бірақ, Дариға Нұрсұлтанқызы егер партия оның кандидатурасын сайлауға ұсынып жатса, ондай ұсынысты қабыл алатынын, не алмайтынын ашып айтпады.

Ашығын айту керек, қоғамда алдағы президенттік сайлауға қатысты сан алуан пікір болатыны белгілі. Кейбір сарапшылар Қ.Тоқаев Тұңғыш Президенттің қалған мерзімін соңына дейін атқарып, одан кейін ҚР Конституциясының 41-бабына сәйкес Республика Президентінің кезекті сайлауы 2020 жылдың желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өткізілетіндігін болжаған болатын. Кезектен тыс сайлау өтетіндігін айтқандар да болды. Осы әңгімеге нүкте қойған Үндеуден кейін сарапшылар интернет беттерінде өз пікірлерін жариялап жатыр. Танымал саясаттанушы Айдос Сарым өзінің Telegram каналында кезектен тыс Президент сайлауын өткізудің төрт себебін атады. «Геосаясат. Тұңғыш Президенттің өз өкілеттігін тоқтатуын көпшілік күтпеді. Алғашқы күндері ел басшылығымен бір ғана Қытай елшісі бес рет кездесті. Транзитке кіруге болады, бұл оңай. Бірақ, онда қалып қоюға да болады. Бізге әлемнен оқшаулануға, стратегиялық белгісіздікке жол беруге болмайды. Екеуі де ішкі шаруаларымызға үлкен ойыншылардың килігуіне әкеп соғады» деп жазды саясаттанушы.

Екіншіден, сайлау инвестициялық және бизнес ахуалға әсер етеді. «Өткен жылмен салыстырғанда, ішкі инвестициялар екі есе азайды. Тіпті, ірі рейтинг агенттіктері де кезектен тыс сайлауға ишара жасауда» деп атап өтті ол. Үшінші себеп ретінде саясаттанушы билік пен мемлекеттік аппараттың бірлігін атады. Сонымен бірге, А.Сарымның пікірінше, сайлау елдегі партиялық-саяси жағдайға оң ықпалын тигізеді. «Сайлау елдегі партиялық-саяси жүйені қайта жаңартады» дейді ол.

Саясаттанушы Ерлан Саиров Президент шешімі бүгінгі таңда маңызды әрі қажетті деп отыр. Оның айтуынша, мынау өзгерісі қым-қуыт әрі жылдам әлемде өмір сүріп жатқан кез келген мемлекеттің саяси жүйесіндегі эволюция заңды процесс болып табылады.

Шын мәнінде әлеуметтік алаңдаушылық әр мемлекетте болып тұрады. Тіпті, бәсекелестерін шаң қаптырған дамыған алпауыт елдердің өзінде әйтеуір бір кикілжің шығып тұрады. Сонау тоқсаныншы жылдары сәуегейлер тәуелсіздігін енді алған Қазақстанның көп ұзамай күл-талқаны шығады деп болжаған. Шетелдіктер Ассамблеяның қадір-қасиетін енді ұғына бастады. Ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан елдің ырысы қашан да арта бермек. Қазақстандық этносаралық татулық үлгісі дәл осыған негізделген. Бұл мәселеде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен құрылып, бүгінде баламасы жоқ бірегей институтқа айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше бөлек. Көп этносты, көп конфессиялы егемен елге дәл осындай құрылым қажет-ақ еді. Ел Тәуелсіздігінің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Тұңғыш Президент Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын ұсынды. Ассамблея елімізде саяси тұрақтылық пен этносаралық бірліктің нығаюына барынша үлес қосты. Соның нәтижесінде Қазақстан толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысу мәселелеріне ерекше мән беретін, оларды халықаралық деңгейге шығара алатын мемлекетке айналды. Өз кезегінде бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болды. Себебі, қоғамда береке-бірлік сақталған жағдайда мемлекеттің жан-жақты дамуына жол ашылатынын ешкім жоққа шығармаса керек. Елдігімізді сақтап қалу мен табысты дамудың бірден-бір жолы, шын мәнінде, ұлт болып ұйыса отырып, әрекет ету екенін түсінуіміз қажет. Қазақстан халқының жарқын болашағын қамтамасыз ету тікелей өзімізге байланысты.

Рас, Елбасының айрықша күш-жігерінің арқасында бүгінде еліміз барша әлемге танымал, ықпалды және беделді мемлекетке айналды. Мемлекетте билік алмасқан кезде уақытша басқару тарихи қажеттіліктен туады. Ал, енді, бүкілхалықтық заңды сайлау өткізу, заңды Президент сайлап алудың тарихи мәні зор. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты. «Қазақстан –демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің саясат бөлімі.

 

Последние новости

Кандидаттарды ұсыну 10 сәуiрде басталып, 28 сәуiрде аяқталады
Қазыбек бидiң ескерткiшi бой көтердi
«Жолда қабылдау»: екі күнде – 2000 азамат
ОРТАЛЫҚ ҰЖЫМЫ СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ
Мейрамбек – бүгінгі күннің батыры!
Әскери өмiрдiң қыр-сыры түсiндiрiлдi
11.04.2019
Цитата дня
11.04.2019
Интересные факты