Серікқали Жексенбаев, «Ońtústik Qazaqstan».
Сарыағаш ауданында «Туған жеріңді таны» тақырыбымен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің семинары өтті. Осы іс-шара аясында аудан орталығында қаз дауысты Қазыбек бидің еңселі ескерткіші бой көтерді. Сарыағаш ауданында Төле би мен Əйтеке биге арналған ескерткіштер бар еді, енді Қазыбек би ескерткішімен толығып отыр.
Айтулы шараға жиналған Түркістан облысының зиялыларымен бірге Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген қонақтар алдымен Төле би, Әйтеке би ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шара барысында Қазыбек би атындағы республикалық қоғамдық қоры президентінің міндетін атқарушы Жамалбек қажы Сыдықов, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев және басқалар сөз сөйлеп, ақ баталарын берді.
Ескерткіштің ашылу салтанатында Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Смайыл Тасқұлов, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қазыбек би ескерткішін орнату жөніндегі комиссия төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Арслан Асанов сөз сөйледі. Сондай-ақ, бұл игілікті іске жеке кәсіпкер Жарылқасын Ергештің қосқан үлесі қомақты. Ал, қарағандылық делегацияны бастап келген «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ерсін Мұсабеков Қарағанды облысының əкімі Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді. Алматыдан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нəсенов және басқалар қаз дауысты Қазыбек бидің тарихта алатын орны жайында әңгімеледі. Содан кейін ескерткіш салтанатты түрде ашылып, жамылғысы түсірілді.
Мұнан кейінгі іс-шара аудан орталығындағы Мәдениет сарайында жалғасып, Шәкен Айманов атындағы киностудияның көмегімен түсірілген Ерлан Төлеутайдың әйгілі би туралы фильмі көрсетілді. Фильм қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толуына орай шығарылған. Ал, Алматы, Астана, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан келген әйгілі бидің ұрпақтары Түркістан облысы мен Сарыағаш ауданының әкімдеріне, кәсіпкер азаматтарға шынайы ризашылықтарын айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Соңынан қаз дауысты Қазыбек би бабамызға арнап, арнайы ас берілді.
Комментарии