Зейнеткерлікке шыққан соң әркім-ақ молшылықта өмір сүргісі келеді. Расында да, бақытты зейнеткерлікті армандаудың өзі – қартайғанда қазыналы болуды аңсаумен тең. Бұл ретте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болашақ зейнетақыны жоспарлауда әрбір салымшы үшін сенімді кеңесші бола алады. Бұған көз жеткізу үшін бір күнімізді Қор жұмысына арнадық.   

Алдымен «БЖЗҚ» АҚ Түркістан облыстық филиалында күнделікті жұмыс күні таңертеңгілік лездемеден басталатынын айта кеткен жөн. Онда филиал басшысы қызметкерлеріне әрбір тұтынушыға сапалы қызмет көрсете отырып, зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерді, жаңа қызметтерді жан-жақты түсіндіруді міндеттейді. Сәйкесінше әрбір қызметкер келушілерді жылы жүзбен қарсы алып, қажетті қызметтерді көрсетіп, сұрақтарына жауап береді және зейнетақы жүйесінде болып жатқан өзгерістермен таныстырады.  

Зейнетақы қоры өзінің халық алдындағы жауапкершілігін түсіне отырып, қызметінде ашықтық қағидатын ұстанады және көрсетілетін қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға күш салады. Тұтынушылар мұның нәтижесін көріп те жатыр. Бұған жұртшылықтың зейнетақы жүйесі мен Қор туралы шынайы пікірлері айқын дәлел бола алады.

Біз Шымкент қаласының Орталық саябағында орналасқан шахмат клубына бет алдық. Мұнда күнұзақ шахмат ойнайтын жандардың қарасы қалың. Сан қилы салаларда қызмет атқаратындар аты-жөнін сұрай қалсаңыз тіке жауап беруге аса сақтықпен қарайды. Соған қарамастан көпті мазалайтын маңызды мәселе бойынша әңгіме өрбітуге кірістік.

Торкөз көйлегінің сыртынан желбегей күртеше жамылған кісіге:

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі жайлы не білесіз? – деген сауал қойып едік, ол бұл мәселеде сауаттылығын танытып, нақ-нақ жауап берді. 

– Біздің білетініміз, зейнетақы қорының ең маңызды міндеттерінің бірі – тұрғындарға көрсететін қызметтердің сапасын көтеру. Бүгінгі тілмен айтсақ, оларды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру. Қор қызметін одан әрі жетілдіргенде ғана әрбір азаматтың зейнетақы қызметіне қолжетімділігін қамтамасыз етуге болады. Зейнетақы қорының электрондық қызметтер сапасын арттыруда алдына қойған мақсаты да осы деп ойлаймын. Қызметтің бұл түрін пайдалану арқылы әр салымшы алтын уақытын үнемдейді.

Шахмат үстелін қоршалай отырғандар құптап, бас шұлғысты.

Сәскеде оңтүстіктің ауасы қыза бастады.

 – Әне, шай әкеле жатыр, – деді отырғандардың бірі. Күнделікті шай-су әкеліп үйреніп қалған, алдына таза алжапқыш байлаған әйел күлімсіреп, жақындай берді. Назарымызды бұрып, өзімізді таныстырған соң: 

– Сіздің үйіңізде зейнетақы қорының салымшылары бар ма? – деп «дәстүрлі» сұрағымызды қойдық.

– Иә, жолдасым екеуміз де зейнетақы қорына ай сайын жарна аударылуын қадағалап отырамыз.

 – Зейнетақы қорының көрсететін қызметтері жайлы не білесіз? – деген сауалға ол былай жауап берді:

 – Бүгінде зейнетақы қорының халық игілігіне арнаған қызмет түрлері көп екен. Соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдап, мүгедек адамдарға ақпараттық кеңес бере отырып, көмек көрсетеді. Мұны білетінім, үйден шыға алмайтын мүгедек інім зейнетақы қорына интернет арқылы өтініш тастаған соң, Қор мамандары үйіне келіп, тиісті қызмет түрін көрсетті. Қойылған сұрақтарға толыққанды жауап берді. Осылайша Қор салымшылар мен алушылар үшін байланыс арналарын дамыта отырып, тікелей түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

Елбасы Н.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауында айтылған  цифрлық технологияларды дамыту бағдарламасы аясында Қор өз қызметінде жаңа технологияларды кеңінен қолдануда. Бүгінде зейнетақы қызметтерінің барлық негізгі түрлері электрондық форматқа көшірілген. Бұған қор филиалдарында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары дәлел бола алады. Терминал арқылы зейнетақы шоттарының бар-жоғы туралы анықтаманы, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуды, берілген өтініштердің орындалу мәртебесін қадағалауды және шарттардың көшірме нұсқасын жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпия сөз және жеке куәліктегі электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен жылдам алуға болады.

Қор салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңі – зейнетақы шотын ашқаннан бастап, төлемдерді алғанға дейін оған онлайн тәртібінде қызмет көрсетеді. Электрондық қызметтер іске қосылған сәттен бастап салымшылар мен алушылар Қор қызметтерін қашықтықтан алуға қол жеткізді. Сонымен қатар 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін Қор кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Егер шот ашылмаған болса, алғашқы жарна келіп түскен сәтте зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады. Ал, зейнетақы шотының жай-күйін білудің еш қиындығы жоқ. Біріншіден, жинақ ақшаның жай-күйі туралы ақпарат тегін беріледі, екіншіден, оны алудың бірнеше тәсілі бар. Бүгінде зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірмені: Қор кеңсесіне келу, жылына бір рет пошта байланысы немесе үш ай, алты ай немесе жыл сайын электрондық пошта және қалаған уақытыңызда интернет байланысы арқылы алуға болады. Әрине, соңғысы өте ыңғайлы. Бұл әдіс қазір өте танымал. Егер бұған дейін үзінді көшірмені конвертпен алып келсеңіз, онда Қор кеңсесіне келіп, қосымша келісімге қол қойсаңыз болғаны. Сөйтіп, қалта телефоныңызға «ENPF» ұялы қосымшасын жүктейсіз. Кейін логин мен құпия сөзді қолдана отырып, кез келген жерде, кез келген уақытта Қор сайты немесе ұялы телефоныңыздағы қосымша арқылы шотыңыздың жай-күйін біле аласыз. Егер электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, Қорға келмей-ақ, оның сайты арқылы шотыңыздың жай-күйін білесіз немесе шотыңыз бойынша ақпарат алу тәсілін өзгерте аласыз. 

Әңгімеге қызыға түскен шахмат клубының мүшелері өздерін толғандырып жүрген біраз сұрақтарға жауап алуға тырысып жатыр. Олардың ішінде қисынға келмейтін әңгіме айтып қалғандары да болды. Көптің аты – көп. Бірі біліп айтса, бірі қай-қайдағыны іліп айтады. Әңгімелерін тыңдап болған соң, зейнетақы қоры туралы оқып, түйгеніммен бөлістім.

– Бүгінде зейнетақы қорының қызметі барлық салымшылар мен алушылар үшін ашық және қолжетімді. Қордың байланыс орталығына 1418 телефон нөмірі арқылы хабарласып, өзіңізді толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алуға болады. Сонымен қатар Қордың корпоративтік сайтының «Кері байланыс», «Онлайн-чат» нысандары, Қордың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы Қорға хабарласуға болады. Түркістан облыстық филиалының әр бөлімшесінде көрсетілген қызмет сапасы бойынша «Пікірлер мен ұсыныстар» кітабына өз пікіріңізді қалдыра аласыз. Тағы бір тамаша мүмкіндік – Қор филиалдарында үш ай сайын «Ашық есік» күні шарасы өткізіледі. Бұл шаралар барысында салымшылар арасында дербес зейнетақы жоспарын жасау мәдениетін қалыптастыруға аса зор мән беріледі.

Атанбек Наурыз.