Қайрат Зайнишев, «Ońtústik Qazaqstan».

Екі жасар сәбидің өміріне араша түсіп, өлімнен аман алып қалған 5-сынып оқушысы Мейрамбек Бекназардың ерлігінен бүгінде барша республика жұртшылығы хабардар. Жуырда бейбіт күннің батырын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы Жетісайдан Түркістанға арнайы алдырып, лайықты сый-құрмет көрсетті.

 

– 2019 жылдың 2 сәуірі күні сағат 19.40 шамасында Жетісай қаласының А.Қалыбеков көшесінде ойнап жүрген балалар №57 жеке тұрғын үйдің сыртындағы кәріз жүйесіне арналып қазылған шұңқырға кішкентай бүлдіршіннің құлап кеткенін байқап қалған. Артынша жүгіріп келген олар құдықтың ішіндегі 1 метрден аса лас суға сәбидің батып кеткенін көреді. Осы мезетте 11 жасар Мейрамбек еш ойланбастан дереу құдықтың ішіне секіріп түседі. Лас су мойын тұсына келгеніне қарамастан, тұншығып жатқан 2 жасар бүлдіршінді көтеріп алып шығады. Қазір сәбидің жағдайы жақсы, денсаулығы бірқалыпты, ем қабылдауда, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

«Лас суға қалай секіргенімді білмеймін, – деген жас батыр сол сәттегі оқиғаны былайша баяндап берді. – Жаным ашып кетті. Судан сәбиді көре алмадым. Ары-бері жүргенімде аяғым денесіне тиді. Содан көтеріп алып, әпкеме бердім. Сыртқа шыққан соң, біраз уақыт демалмай жатты. Кейін аузынан қара су ақтарылды. Дәрігерлер жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кетті».

Мейрамбек Мұсаұлы – Жетісай қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 мектебі 5 «а» сыныбының үздік әрі үлгілі оқушысы.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов жас батыр мен оның ұстазын арнайы грамотамен марапаттады. Ерлік көрсеткен Мейрамбекке соңғы үлгідегі велосипед тарту етті.