ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы «Көрікті аймақ» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қалалық сенбілік ұйымдастырылды. «Бадам» каналының аумағын тазалауға оқу орталығының барша ұжымы ат салысып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

 

Ұжымды оқу орталығының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, полиция подполковнигі Талғат Меңдібаевтың өзі бастап шықты. «Туған жерге деген құрмет пен айнымас адалдық әрбір құқық қорғау саласы қызметкерінің бойында болуы тиіс қасиет. Сіздер елге қызмет ету арқылы мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне тікелей ықпал етесіздер. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, «Туған жерін сүйе алмаған, елін де сүйе алмайды». Сондықтан қоршаған ортаны тазалап, бұлақ көздерін ашу кез келген азаматтың борышы» деген орталық бастығы еліміздің әр аймағынан келген тыңдаушыларға сөзімен серпін беріп, игі іске жұмылдырды.

Сенбілікте Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов оқу орталығының басшылығына елді мекеннің гүлденуіне қосқан үлестері үшін алғысын жеткізіп, «Еліміздің өркендеуі жолында адал еңбек ете беріңіздер» деген ізгі тілегін білдірді.

Бір күні орталық ұжымы каналға жиналып қалған қалдықтарды тазалап, көшеттер отырғызды. Бойын көкке тіктей бастаған көшеттер алаңға көрік қана беріп қоймай, алдағы уақытта ауаның тазаруына да септігін тигізбек.

А.ӘЗТАЙ,

Мемлекеттік тіл және ақпарат

тобының инспекторы.