Түркістан облысында республикалық «Жолда қабылдау» атты 2 күндік акция өтті. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен өткен шараға облыс бойынша 2 мыңға жуық тұрғын жүгініп, өздерін толғандырып жүрген түрлі сауалдарға жауап алды.
Екі күнге жоспарланған акцияда полицейлер тұрғындарға құқықтық көмек көрсетумен шектеліп қалмай, бұқарамен арадағы байланысты нығайтуға күш салды. Ал, мұндай мүмкіндікті тиімді пайдалануды көздеген тұрғындарды көбіне айыппұлдарды төлеу, жол жүрісін ұйымдастыру, автокөліктерді тіркеу және көші-қон қызметіне қатысты мәселелер алаңдататыны белгілі болды. Оларға бұл жөнінде әкімшілік және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге көші-қон басқармасының мамандары кеңес беріп, мәселені оңтайлы шешудің жолдарын ұсынды.
Жеке көлігімен халыққа қызмет көрсетіп жүрген түркістандық Балаби Шамұратовтың айтуынша, мұндай шараның жұмысбасты азаматтар үшін пайдасы ұшан-теңіз екен.
– Себебі, мен секілді үнемі жолда жүретін жүргізушілердің кеңсеге барып, кеңес алуларына мүмкіндігі бола бермейді. Осыдан екі жеті бұрын жолда инспекторлар тоқтатып, арнайы белгі болмаса да, жылдамдықты асырдың деген желеумен айыппұл салды. Салонда жолаушылар болғандықтан, олармен тәжікелесіп тұрғым келмеді. Міне, бүгін осы сұрақтың анық-қанығына көз жеткіздім. Жол сақшыларының маған салған айыппұлы заңсыз болып шықты. Мен үшін акцияның пайдалы тұсы осы болды. Халыққа қажетті осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, әлгіндей заңды белден басқысы келетіндердің жолы кесілер еді, – дейді жүргізуші.
Айта кетейік, аталмыш акция әр үш ай сайын өткізілетін болады.
Д.ЖҮСІП.
Комментарии