Келелі мәселе кеңінен талқыланды

Келелі мәселе кеңінен талқыланды

Төл тариxының тамырынан нәр алып, ой түйіп, нәтиже шығара алған ұлттың ғана болашаққа бағдары айқын. Тариxи саясаты мығым елдің идеологиясы да қуатты hәм нәтижелі болады. 2018 жылдың соңғы апталығында осы бағытты басты назарға алған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Елбасы еңбегі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Мақала жарық көргеннен бері ұлттық сананың тұғырын биіктетуде ауданымызда талқылау және талдау шаралары ұйымдастырылуда. Жуырда, дәл осындай мақсатта «ҚР Ардагерлер ұйымы» төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев ауданымызға арнайы келіп, алқалы басқосулар өткізді. Алдымен, ол аудан орталығында орналасқан Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжіндегі студенттермен кездесті. Өмірзақ Озғанбайұлы өзінің баяндамасында Елбасы еңбегіне шолу жасай келіп, онда көтерілген негізгі мәселелерге тоқталды. Стратегиялық сипатқа толы, мемлекетшілдік сананы орнықтыруға негізделген бұл еңбектің мәні мен маңызын алдымен өзіміз жете түсініп, түйсіну керектігін атап айтты.
– Жалпы, бұл мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қаралады. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз етеді және оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі. Ал, болашақта бастаманың әрі қарай қанат жая таралуы да жастардың қолында, – деді ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары.
Мұнан кейін, «Ұлы даланың жеті қырын» кеңінен талқылауды Өмірзақ Озғанбайұлы аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жалғастырды.
Кеңейтілген жиынды аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева басқарып, мектеп басшылары, қоғамдық ұйым мүшелері және тағы басқа аудан белсенділері қатысты. Жиын барысында біз тілге тиек еткен мақаланың кейбір бағыттары жайлы айтылып, баяндамашыға көптеген сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауаптар қайтарылды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.