Қазақстан рекордтары кітабына енді

2019-01-10 13:43:45
Қарасай ауданы Райымбек ауылында елімізде теңдесі жоқ «Анаға құрмет» музейі жұмыс істейді. Ашылғанына биыл бесінші жыл толатын тарихи мекеме өңірдегі танымал нысандардың біріне айналып қана қоймай, жалпы ТМД елдерінде баламасы жоқ нысан ретінде бағаланады. Қос қабатты ғимараттың жалпы аумағы 750 шаршы метрді алып жатыр. Музейді құру туралы бастаманы осы нысанның директоры Бақыт Шпекбаева көтерген болатын. Сол себепті де көптеген экспонатты ол өз қолымен жинақтаған. Бүгінгі күні музейде 500-ден астам түрлі заттар, атап айтқанда, елімізге танымал әйелдерге қатысты түрлі материалдар, құжаттар, фотосуреттер, картиналар, тұрмыстық бұйымдар бар. Осылардың көпшілігі облыс тұрғындарының өз ниетімен музейге әкеліп тапсырған заттары. Музей жанына қойылған «Анаға тағзым» ескерткіші, әсіресе, жас отау иелерінің неке қияр сәтінде арнайы келер киелі орнына айналған. 2014 жылы ашылған мәдени мекен екі жылдан соң мемлекет меншігіне тапсырылған. Жақында «Анаға құрмет» музейі Қазақстанның рекордтар кітабына енді.