«Бәріңе жүрегіммен үн қатамын!..» – дейді Серік ақын ағынан жарыла

«Бәріңе жүрегіммен үн қатамын!..» – дейді  Серік  ақын  ағынан жарыла

Өткен жылдың аяғында аудандық мәдениет үйінде көп адамның көңіліне әдемі әсер қалдырған жан сүйсінерлік жақсы бір өнер кеші өтті. Ол, анықтап айтсақ, белгілі ақын Серік Қалиевтың шығармашылығына, сондай-ақ, «Атадан жақсы ұл туса…» деп аталатын су жаңа кітабының тұсаукесеріне арналған мазмұнды, мағыналы басқосу еді.

Қазіргі кезде қазыналы Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып істейтін Серік Мақұлбекұлы Жамбыл облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының ауыл құрылысы факультетін бітірген. Алайда, бұл салада көп «тұрақтамады». Өйткені, сергек көңілді, өте сезімтал оның бала шағынан жаны нәзік еді. Кішкене кезінен-ақ үнемі ішінен бірдеңе түртіп тұрғандай тыным таппай, тылсым сыры мол әлдебір күй кешетін. Кейінірек түсініп-түйсінді ғой оның мән-мәнісін, сөйтсе, жыр теңізінде тебірене жүзгісі келеді екен. Бүйрегі темір-бетон мен кірпішке емес, әдемілікке, әсемдікке, сұлулыққа, өнерге, өлеңге бұрады екен…
Осылайша Секең сол уақыттарда қайта жаңарып, жаңғырған қасиетті қазақтың өрісті өнері – айтыстың жуан ортасынан табылып, талай-талай алқалы топтың алдына алқынбай шығады! Облыс атынан бірнеше рет республикалық сөз сайысына қаймықпай қатысып, жүлдегер, жеңімпаз атанады.
Сол кездері біз де бір-екі мәрте Серіктің қызықты қызу, тамаша тартымды айтысына куә болғанбыз. Азулы, ақпа-төкпе айтыс ақынының Берік деген інісінің жақсы әнші екенін, бірқатар жыл атақты «Тараз» триосының белді мүшесі болғанын да білеміз.
Сонымен Серік Мақұлбекұлының ендігі еңбек жолы өнермен, мәдениетпен тікелей байланыста өрбіді. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарында, мәдениет саласында абыройлы қызмет атқарды. Тіпті, көркем және деректі фильмдер де түсірді. «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында көрермен қызыға көрген айтулы авторлық бағдарламалар жасады. Онға жуық өлеңдер жинағы жарық көрген. Олардың ішінде «1001 мақал, 101 жұмбақ» атты кітап та құрастырып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленгені де бар. Қазақстан Жазушылар одағының білдей бір мүшесі.

* * *

Кеш сахна төріне көтерілген мәдениет үйі қыз-жігіттерінің Серік ақынның өршіл рухты өлеңдерін мәнерлеп оқуымен басталды. Келесі кезекте кеш иесінің өзі ортаға шығып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын туралы жан-жақты әңгімеледі, тіпті, оның қоғамдық санада сілкініс тудырғанын атап айтты. Бүгінгі жиынның да осы бағытта ұйымдастырылып отырғанын алға тартты.
–Мемлекет басшысының жақында ғана жария-ланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да рухани жаңғы-румен сабақтас, сарындас, – деді ақын. – Ол сонау ежелгі ата қазақтан басталатын мәйекті мәдениетіміздің әлемдік өркениеттегі орнын анық айқындап берді.
Кеш тізгінін одан әрі жас ақын Қуаныш Қолқаев қолына алып, Серік ағасының шығармашылығы жайында әсерлі әңгімеледі.
Мұнан кейін экраннан бейнебаян көрсетіліп, онда ақын түсірген фильмдер, оның сөзіне жазылған әндер жайында айтылды.
Көрермен қауым белгілі композитор Бағлан Омаровтың «Әлжан ана» әнін (сөзі Серік Қалиев пен Қуаныш Қолқаевтыкі) аудандық мәдениет үйінің әншісі Жадыра Есжанова орындағанда ризашылықпен ду қол соқты.
Сонымен қатар, көпшілік соңғы кездері айтыс өнеріндегі өзіндік ізденістерімен танылып жүрген, бірнеше рет дүбірлі сөз сайысында жүлдегер, жеңімпаз да болған жастар – Қанат Мырзахан мен Сырым Әуезханға да өздерінің шынайы құрметін білдірді.
Жан-жүрегін жарып шыққан өлеңдерінің өзегін негізінен адами құндылықтар – адалдық, ар-ұят, жақсылық, ізгілік, имандылық, ұлтжандылық, отансүйгіштік, жақсыға жақын, жаманнан аулақ жүру сияқты өлмес, өшпес тақырыптар құрайтын ақынды ардақтауға егемен еліміздің бас қаласы – алып Астанадан жедел жеткен жезтаңдай әнші, көрерменнің сүйіктісі Досымжан Таңатаров әсем әнмен шашу шашып, жиналғандарға өзгеше бір керемет көңіл күй сыйлады. Ал, жергілікті әншіміз Баймұхамбет Мұқатай «Шамалған туралы әнді» әуелетті.
«Атадан жақсы ұл туса…» кітабының лентасын қазақтың белгілі сатирик ақыны, автордың ағасы, ұстазы болып келетін Толымбек Әлімбеков үлкен ілтипатпен қиып, ізгі тілегін білдірді.
Ал, Алматы облысы әкімінің Алғыс хатын облыстық музейдің директоры Ырысжан Аязбаева, Қарасай ауданы әкімінің Құттықтау хатын оның орынбасары Күлжан Дүйсенова салтанатты түрде тапсырды.
Сан қырлы талант иесінің кешіне белгілі меценат, қоғам қайраткері Болат Назарбаев қатысып отырды. Сондай-ақ, Жамбыл облысынан ат терлетіп келген атақты айтыс ақыны Шорабек Айдаров және тағы басқа достары, жолдастары, әріптестері Секеңнің қуанышын бөлісіп, ақ тілектерін ақтарыла айтты.

Берікбай ҚАДЫҚОВ.