Әлемдік өркениеттегі орнымызды айқындап берді

Әлемдік өркениеттегі орнымызды айқындап берді

Жуырда аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында Елбасының жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылауға арналған жиын өтті. Оған тыл ардагері Шайхыислам Искакбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Әбілқасымова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі Абылай Манабаев, аталмыш мекеме басшысының орынбасары Асқар Еламанов пен қызметкерлері қатысты.
Оның барысында ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша бағамдауға, заман талабына сай өркендей түсуіне жол ашатын ауқымды жобаны іске асыру бағытында келелі әңгіме қозғалды.
Жиынды ашқан Ділдә Ұланқызы мақалада біздің халқымыздың тарихына қатысты барлық мәселенің қамтылғанын атап өтті. Ол өз сөзінде: «Осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақ қоғамының руханияты мен мәдениетінің көкжиегін кеңінен ашқан мақала болды. Ал, жуырда осы мақаланың жалғасы ретінде Елбасымыз ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялады. Бұл еңбегінде келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам болды деп ойлаймыз. Мақалада түркі әлемінің генезисі туралы да кеңінен қозғалған. Қазақстан Президентінің бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету» – деді.
Сонымен қатар, басқосуға құрметті қонақ ретінде шақырылған тыл ардагері Шайхыислам Искакбаев бұл мақала Президенттің қазақстандықтардың рухани баюына арналған тағы бір қадамы екенін айтып өтті. «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал, уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген сөздері бар мақаладан әр қазақтың баласы ерекше шабыт алды деп ойлаймын. Себебі, онда біздің тарих, мәдениет, ата-баба өсиеті ерекше көрініс тапқан. Бұл біздің көшбасшымыздың халықтың рухани баюына арналған тағы бір қадамы», – деді ол.
Жиналғандар арасынан сөз алып, өз ойын ортаға салғандар көп болды. Олардың әрқайсысы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының ауқымы кең екендігін, ең бастысы, бұл мақала әркімнің жүрегіндегі отансүйгіштік сезімді күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Жиын соңында талқылауға қатысқан аталмыш мекеменің қызметкерлері Елбасының мақаласы аясында осынау игі бастамаға атсалысу баршаның қастерлі міндеті екенін және бұл бастамаға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.