Наиль – Үздік студент

Наиль – Үздік  студент

Оған төсбелгіні қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров тапсырды

Еліміздің атын халықаралық спорттық жарыстарда шығарып жүрген жастардың қатары көп-ақ. Солардың бірі аудан орталығында орналасқан Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Наиль Халиуллин. Ол бала кезінен спортпен айналысып, шыңдалған спортшы ретінде әлемдік ареналарда талай белестерді бағындырды. Осы жетістіктері республика көлемінде бағаланып, өткен жылдың аяғында «Үздік студент» жобасының төсбелгісіне ие болды. Марапатын қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров өз қолымен табыс етті. Сондай-ақ, жоба аясында жарық көрген «Жас қыран» атты кітабының екінші жинағына оның өмірбаяны мен жетістіктері енгізілді. Бұл жобаның екінші жыл қатарынан ұйымдастырылуына ұйытқы болып отырған – «Бөбек» Жалпыұлттық қозғалысы» заңды тұлғалардың бірлескен қауымдастығы. Аталмыш жобада үздіктердің қатарына ену де оңайға түспеген. Атап айтар болсақ, республикамыздың барлық оқу орындарынан ұсынылған 5306 өтініштің комиссия шешімімен 100 өтінімі ғана қабылданған. Нәтижесінде, 100 студент 2-ші «Жас қыран» республикалық кітабына енді. Алайда, қосымша іріктелу барысында оның 50-і өткен жылдың 14 желтоқсанында бас қаламыз Астанадағы марапаттау рәсіміне шақырылды. Құттықтау кеші Елордамызда орналасқан Елбасы кітапханасында өткізіліп, оған біз айтқан 50 студент қатысты.
Ал, жақында осындай жетістікпен оралып, аудан абыройын асқақтатқан Наильді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев арнайы құттықтады. Мақтанышымыздың білім алып жүрген оқу ордасына бас сұққан қала басшысы, өз атынан Алғыс хат пен сыйлығын табыстады. Жоғарыда айтылған жетістіктерге Наиль табандылық пен еңбектің арқасында жетіп отыр. Ол бала кезінен түрлі спорттың қыр-сырын меңгеріп, қазіргі таңда республикалық және халықаралық жарыстарда өзін жоғары деңгейде көрсетіп келеді.
Бүгінде жас спортшы тай боксынан Қазақстан Республикасының спорт шебері, кикбоксингтен екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, осы спорт түрінен спорт шеберіне үміткер, джит кун додан екінші даны бар және қол күрестіруден әлем чемпионаты бойынша күміс медаль иегері. Сонымен қатар, Молдова, Ресей, Қырғызстан және тағы да басқа да мемлекеттерде өткен халықаралық жарыстарда өзін жақсы деңгейде көрсетіп келеді. Биыл Түркия мемлекетінің Анталия қаласында Еуропаның Муай-тай федерациясының ұйымдастыруымен өткен Еуропа Кубогінің жеңімпазы атанды.
Туып өскен жері Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылы болғанымен де, біздің ауданымыздың беделін асқақтатып жүрген Наильге алдағы уақытта толағай табыстар мен жеңістер тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.