Аудандық мәслихаттың ХХХVIII сессиясы

Аудандық мәслихаттың ХХХVIII сессиясы

Өткен аптаның жұмасында аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті ХХХVIII сессиясы болды. Оған мәслихат депутаттарынан бөлек аудан әкімі және орынбасарлары, бюджеттік мекемелер жетекшілері, бөлім басшылары қатысты. Сессияны оның төрағасы, депутат Атлана Исаева жүргізіп отырды. Сессия күн тәртібінде төрт мәселе бекітіліп, соларға қатысты ұсыныстар талқыға салынды. Бірінші мәселе «Қарасай ауданының 2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджетінің жобасы» туралы болды. Бұған қатысты баяндаманы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев жасады. Баяндамасында 2019 жылға арналған аудан бюджетінің кірістер мен шығыстар көлемдеріне тоқталды. 2019 жылы жалпы ауданның шығыны шамамен 23 млрд 605 млн 876 мың теңгені құрамақ, ал оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 18 млрд 383 млн 639 мың теңге білім саласының қажеттіліктеріне жаратылмақ. Яғни, білім беру ошақтарына Wi-fi қосуға, бейнекамералар алуға, ІТ-кластардың материалдық- техникалық базасын нығайтуға және басқа да жағдайларының жасалуы басты назарға алынып отыр екен. Сондай-ақ, бірнеше мектептерге үшауысымдылықты жою үшін жаңа ғимараттар салу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екен.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе, «Аудан бойынша бірыңғай тіркелген салықтың мөлшерлемелерін бегілеу туралы» болды. Ол жайында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Айдын Сауданбеков баяндады. Ал, кейінгі мәселеге қатысты ортаға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә.Қыйлыбаева шығып, «Қарасай ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын» бекіту мен әлеуметтік көмек көрсету бағыты бойынша өзгеріс енгізу туралы сөз қозғады. Бұл ретте біріншісінде әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндері тізбесіне 29 тамыз – ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық күнін енгізу қажеттігін айтты. Яғни, аудан бойынша Семей ядролық сынақ полигонындағы қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған 62 адамға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы тағайындау үшін 2019 жылға 3,1 млн теңге қаржы қарастырылған. Мұнан бөлек, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы әлеуметтік көмектің түрін енгізу керектігі де тілге тиек етілді. Ағымдағы жылдың басынан 5828 адамға 150,6 млн теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілмек.
Төртінші мәселе аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасын сайлауға ұсынылған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, депутат Ақшолпан Маратқа депутаттар бірден қолдау жасады.
Сессияда өзге де мәселелер бекітіліп, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессияда аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы да сөз алып, жұмыс барысында қарасайлықтардың тыныс-тіршілігіне қажетті маңызды жайттар қаралғанын, әрбір өткізілетін мұндай жиындардан кезең-кезеңімен атқарылып жатқан ауқымды істердің нәтижесі анық байқалатынын тілге тиек ете келе, халық қалаулыларына өзінің алғысын білдірді. Әлі де ел игілігі үшін қолға алар шаруа көп екенін айтып, жиналғандарды ауызбіршілікпен ерінбей еңбек етуге шақырып, жақсы тілегін жеткізді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.