«Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасының жемісі

«Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасының жемісі

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында бірнеше бағытты атап айтқан еді. Соның ішіндегі «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші міндетінде адамдардың жұмыссыздығы мен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселелері жайында кеңінен айтылып, оның халық арасында қарқынды насихатталуын да тапсырған болатын. Онда азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамту, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көңіл бөлу, «Атаулы әлеуметтік көмек көрсету» жобасының жаңа тәртіптері де қосып айтылды. Мәселен, отбасында кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, белгілі бір себептерге байланысты еңбек етуге жарамайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешқандай шартсыз тағайындалатын болады.
Аталмыш жоба аясында біздің аудандағы Халықты жұмыспен қамту орталығы да осы жыл бойынша біраз тыңғылықты жұмыстар атқарды. Нәтижесі де жаман емес. Бағдарлама бойынша бірқатар азаматтар қоғамдық жұмыс атқарып, қажетті қаражатқа қол жеткізу арқылы кәсіптерін айналдыруда. Біз айтып отырған орталықтың нақты дерегіне сүйенсек, кәсіпкерлікті қолға алған ауыл округтері мен қала тұрғындарының көбісі қазіргі таңда өз кәсіптерін дөңгелетіп, пайдалы іспен айналысуда. Биылдың өзінде 30 тұрғын «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасымен шартты ақшалай көмектің арқасында шаруашылықпен және басқа да табыс көзіне айналатын кәсіптермен халыққа қызмет етуде. Олардың ішінен мысал ретінде Жаңашамалған ауылдық округінің тұрғыны Камила Сармурзаеваны айтуға болады. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» ІІІ бағыты бойынша қоғамдық жұмыс атқарып, «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасымен шартты ақшалай көмекке ие болды. Сол қаржыға тана, бұқа сатып алып, мал шаруашылығымен айналысуда. Жалпы, Камила Сармурзаеваның отбасы алты адамнан тұрады. Жолдасы Алтынбек екеуі қазіргі таңда кәмелеттік жасқа толмаған төрт баланы тәрбиелеп, қамқоршы, әрі үлгілі ата-ана болып отыр. Камила Сағидуллақызының келешектегі жоспары мемлекеттің «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы көрсеткен мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мал шаруашылығын дамыта келе, өнімдерін халыққа тарату.
Дидар МУХАМАДИЕВ.