Шамалғандықтар Жастар жылын белсене бастады

2019-01-10 13:42:33
“Келесі жылды жастар жылы деп жариялап, іс-шаралар өткізу керек, оған біздің тәжірибеміз бар. Жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек” деген Президентіміз халыққа арнаған кезекті Жолдауында. Елбасының жерлестері, яғни, шамалғандықтар бұл ойды қуана қолдап, тапсырманы жүзеге асыруға алғашқылардың бірі болып кірісіп кетті. Осы мақсатта бүгін Шамалған округіндегі «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында округ әкімі Ержас Тоқтасынов ауылдың белсенді жастарымен жүздесті. Осындағы бес мектептегі оқушылардың президенттері, екі колледждің белсенді студенттері мен жас мамандар бас қосқан дөңгелек үстел барысында Ұлт Көшбасшысының жастарға үлкен сенім артып отырғандығы әңгіме арқауына айналып, Жастар жылында атқарылар ауқымды істердің жоспары талқыға салынды. Жиын тізгінін өз қолына алған Ержас Серғазыұлы Мәңгілік елдің жарқын келешегінің кілті – бүгінгі жастардың қолында екенін әңгіме арқауына айналдырып, сұхбат алаңына жайғасқандарды түгелдей еркін пікір алмасуға шақырды. Округ басшысының көрсеткен құрметіне тәнті болған қатысушылар тарапынан ұтынымды ұсыныстар мен орамды ойлар аз болмады. Мәселен, Шамалған ауылдық көпсалалы колледжінің Жастар ісі комитетінің басшысы, мұғалім Аранбаева Жібек ауылымызда еріктілер тобын ұйымдастыру туралы сөз қозғаса, мектеп коледждерде пікірталас білдіретін орталық ұйымдастыру қажеттігін қазақ орта мектеп оқушыларының президенті Шабденов Аманай алға тартты. Бұдан бөлек, белсенді буын тарапынан дарынды жастарды анықтайтын сайыстар өткізіліп, ауыл көшелеріндегі жарнамалық плакаттар ұлттық ою-өрнектерімізбен безендірілсе деген ой-пікірлер ортаға тасталды. Сөз соңында ауыл әкімі кездесуден ерекше рухани азық, келешекке зор мотивация алып шыққанын, шамалғандық жас буынның ел болашағына деген салмақты ойы мен саналы көзқарасына тәнті болғанын жеткізді. Осылайша, Елбасының жерлестері Жастар жылын мерекелеуге кірісіп кетті!